Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановтан тәркіленген «Алтын-Саф» мейрамхана кешені қайтадан сатылымға шығарылды. Бір жыл бұрын 805 млн теңгеге аукционға шығарылып өтпей қалған мейрамхананың бастапқы бағасы 500 миллионға дейін төмендеді.
Айта кетейік, Қостанайдың істі болған бұрынғы әкімінің мейрамханасы бірнеше жылдан бері аукционға шығарылғанымен, әлі де сатылмай келеді.
Электрондық сауда алаңында қайтадан сауда-саттыққа шыққан мейрамхананың бастапқы бағасы 307 397 500 теңгеден басталады. Оның бұған дейінгі бағасы 805 529 000 теңге болған. Қазіргі құны одан 61,84%-ға төмен.
Электрондық сауда алаңының сайтында көрсетілгендей, сауда 13 қарашаға жоспарланған. Сауда-саттықтың кепілдік жарнасы 92 219 250 теңгені құрайды.
Биыл мамыр айында мүліктің бағалау құны 614 795 000 теңгені құрады. Қазір ғимарат аукционға шығарылып, құны екі есеге жуық төмендеді. Хабарландыруда көрсетілгендей, ғимарат «Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің балансында.
Еске салсақ, жемқорлығы үшін сотталған әкім Ахметбек Ахметжановтан тәркіленген мейрамхана 2023 жылы қараша айында 805 млн теңгеге аукционға шығарылып өтпей қалған болатын. Аукцион басталған кезде сату объектісі бойынша аукционға бірде-бір қатысушы тіркелмеген және бастапқы баға қатысушылармен расталмаған.
Бұрынғы әкім не үшін істі болды?
2016 жылы Ахметбек Ахметжанов ірі көлемде пара алғаны үшін 13 жылға сотталған. Ол сот шешімімен өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды.
Ахметжанов кейін апелляциялық шағым түсіріп, мерзімін 7 жыл 6 айға дейін қысқартты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Ахметжановқа рақымшылық жасалып, оның жазасының мерзімі 4 жыл 10 ай 23 күнге дейін азайтылды.
2019 жылы ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлмен ауыстыру құқығына ие болып, сол жылдың 1 сәуірінде Қостанай облыстық сотының шешімімен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
Мемлекетке қайтарылған қандай активтер саудаға қойылды?
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы өзге де сауда нысандары мен активтерді сатуды жалғастыруда. Мәселен, істі болған олигарх, тұңғыш президенттің жиені Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қайтарған мүліктерін сатып жатыр. Бұл жолы Алматының беделді ауданында орналасқан, құрылысы әлі аяқталмаған «Орион» бизнес-орталығы сауда- саттыққа шығарылды.
Аукционға шығарылған хабарландыру электрондық сауда алаңы сайтында жарияланды. Нысанның бастапқы бағасы- 6,2 млрд теңгені құрап отыр.
Қайрат Шәріпбаевтың қызымен байланысты кәсіпорындар да сауда-саттыққа қойылды. QazaqGas басқармасының бұрынғы төрағасы Қайрат Шәріпбаевтың қызының компаниясы арқылы бақыланатын «Тұлпар» ЖШС бастапқы бағасы 991 миллион теңге болатын аукционға қойылды.