«За нами уже выехали» Youtube арнасын енді Қазақстанның тұңғыш президентінің бұрынғы баспасөз хатшысының ұлы Әсет Матаев басқаратын болады. Күнделікті ақпарат ағынын талдаудан шаршағанын айтқан журналист Дмитрий Дубовицкий, жеті жылдан артық дамытқан арнасын медиаменеджерге табыстамақшы.
«Бұл кликбейт емес. Бұл шынымен осы арнадағы менің соңғы рет шығуым. Бір қарағанда, Дима шынымен де қызған шақта кетіп қалғандай көрінеді. Бірақ олай емес. Бұл күтпеген шешім емес, ұзақ уақыт ойда жүрді. Жаңалық ағынын талдаудан шаршадым. Аптасына үш-төрт шығарылым жасауды тоқтаттым, сондықтан да белгілі бір ұят сезімі пайда болғандай… Сіздер одан да кең ауқымдағы контентке лайықсыздар», — деді Дмитрий эфирде.
Ол кейінгі бірнеше жылда шаршау күшейгенін және соңғы үш айда бұл шешімін белсенді түрде талқылағанын түсіндірді. Сол себепті арнаның болашағына қатысты түрлі шешімдер қарастырған. Тіпті жобаны жабу немесе оны біраз уақытқа дейін тоқтату туралы да ойы болғанын айтады.
«Осы кезде маған КазТАГ ресурсын басқару тәжірибесі бар Әсет Матаевпен танысуға кеңес берді, сондай-ақ ол Hola News ресурсын да басқарды. Оны өз ресурстарын пайдалана отырып, жобаны қолға алу, сақтап қалу және әрі қарай дамыту қызықтыра түсті. Менің ойымша, Әсет екеуміздің өмірлік ұстанымдарымыздың көбі сәйкес келеді. Иә, оған қатысты да кезінде іс қозғалған. Егер білмесеңіз, оның өмірбаянын Google арқылы іздеп көріңдер», – деп атап өтті журналист.
Оның айтуынша, Матаев арнадағы келесі шығарылымға жауапты болады. Сонымен қатар Дубовицкий жобаның философиясын сақтап қалады деп үміттенеді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы және Назарбаевтың бұрынғы баспасөз хатшысы (1991-1993 жылдар аралығында) Сейтқазы Матаев 2016 жылы алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сол кезде оның ұлы Әсет Матаев бес жыл алды. Оларға бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген айып тағылған. 2017 жылы әкесінің жазасын рақымшылықпен қысқартты және кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатты. Біраз уақыттан кейін Әсет Матаев та бостандыққа шықты. Ал 2022 жылы Жоғарғы сот Матаевтарды заң алдында толық ақтады.
Өткен жылы Қаржы министрлігі жариялаған шетелдік қаржы көздерінен қаражат алған тұлғалар мен ұйымдардың тізімін жариялаған еді. Ол қоғамда бейресми түрде «шетел агенттерінің тізімі» деп аталып кетті. Онда танымал журналистер, шетелдік компаниялар мен үкіметтік емес ұйымдардың аты аталады. «Шетел агенттері» арасында Дмитрий Дубовицкийдің де есімі кездеседі.
Бұл тізім ресми түрде «Жариялануға жататын шетел мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алатын адамдардың тізілімі» деп аталады. Ол Қаржы министрлігіне қарасты салық органы жүргізетін деректер базасының негізінде жасалады.
Салық кодексінің 29-бабы бойынша азаматтар мен ұйымдар шетелдегі қаржыландыру көздерінен алған ақша немесе мүлік туралы есеп беруге міндетті.
Жалпы, «шетел агенті» деген ұғымды Ресей Федерациясы 2012 жылдан бастап, «Бейкоммерциялық ұйымдар туралы» заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін, ресми қолдана бастады. Ол атау (иноагент) шет мемлекеттерден түрлі формада қолдау алатын немесе «шетелдің ықпалындағы» тұлғаларға беріледі.
Айта кету керек, Қазақстанда ресми түрде «шетел агенті» деген ұғым қолданыста жоқ.