Каспий жағалауында тағы да итбалықтар қырылып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жануарлардың жаппай қырылуының себебі әлі белгісіз / Фото: instagram: azamat_sarsenbayev

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағасында Қызыл кітапқа енген 151 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл жайында қоғам белсендісі, блогер  Азамат Сәрсенбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Жануарлардың жаппай қырылуының себебі әлі белгісіз. Блогердің сөзінше, дауылдан кейін қызыл кітапқа енген жүздеген итбалық өліп, жағалауға шығып қалған.

«Қазіргі уақытта ғалымдар 151 ұшаны санады. Олардың көбінің денесінде механикалық зақым бар. Ғалымдардың айтуынша, өлген итбалықтардың кейбірінің денелерінде механикалық зақым бар», – дейді блогер. 

Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Курсивке»  төрт күн бұрын инспекция қызметкерлері өлі жануарлардың өлекселерін тапқанын хабарлады.

«Оқиға орнына инспекцияның, жергілікті атқарушы органдардың, гидробиология және экология институтының, «Qazaq Balyk» республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы филиалының өкілдері жедел түрдебарды. Итбалықтардың өлу себептері тиісті зертханалық зерттеулерден кейін белгілі болады», – делінген хабарламада.

Ведомство Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, Каспий итбалығы қызыл кітапқа енген әлемдегі ең кішкентай итбалық.

Еске салсақ, биыл сәуір айында Каспий теңізінің жағалауынан 100-ден астам өлі итбалық табылған болатын. Сондай-ақ сәуір айының соңында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Түпқараған ауданында тағы да 79 өлі итбалық ұшасын тапқан еді. Жалпы наурыз айынан бері барлығы 180-нен астам итбалық қырылған. Сарапшылар тиісті сынамалар алғанымен, әлі күнге дейін нақты себебін хабарламады.

Былтыр да Түпқараған ауданы Баутино ауылы маңында өлі итбалықтар табылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз