Астанадағы кейбір мектептің оқушыларына сабақ алдында ұялы телефондарын тапсыру міндеттелді
Астанадағы 24 мектептің оқушылары сабақ алдында телефондарын арнайы ұяшықтарға тапсыруға міндетті. Мұндай мәлімдемені елорданың білім басқармасы хабарлады. Ведомство осындай шешім арқылы оқушылардың білім беру сапасын және олардың психологиялық денсаулығын жақсартпақшы.
«Смартфонсыз мектеп» жобасы Астанадағы №1, 4, 7, 8, 17, 18, 25, 28, 29, 32, 34, 43, 46, 48, 52, 58, 70, 73, 76, 77, 87, 93, 103 және 108 білім беру ұйымдарында енгізілді.
«Бірінші сабақ алдында оқушылар ұялы телефондарын арнайы ұяшықтарға салады. Бұл шара оқушылардың ой-өрісі мен психологиялық денсаулығына оң әсер етеді», – делінген хабарламада.
Еске салсақ, биыл ақпан айының соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларға сабақ кезінде смартфон пайдалануға тыйым салатын заңға қол қойған еді. Заңның негізгі мақсаты – білім беру саласындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру. Құжатта орта білім беру ұйымдарында смартфон пайдалану ережелерін бекіту қарастырылған.