Жаңалықтар

АҚШ-тағы сайлау алдында биткоин бағасы маусым айынан бері алғаш рет 70 мың доллардан асты

Фото: REUTERS/Marco Bello

Биткоин бағасы 10 маусымнан бері алғаш рет 70 мың доллардан асты. Криптовалютаның өсуіне келесі аптада өтетін АҚШ президенті сайлауы төңірегіндегі алыпсатарлықтар да ықпал етіп жатыр. Дүйсенбі, 28 қазанда биткоин иелерінің ең ірі компаниясы MicroStrategy акциялары кейінгі 25 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.

Биткоин 2%-дан артық өсіп, Сингапурдағы таңертеңгі сауда-саттықта 71,3 мың долларға жетті, деп хабарлады Bloomberg. Екінші ірі криптоактив Ethereum және Dogecoin 4%-ға көтерілді. Опциондық трейдерлер АҚШ-тағы президент сайлауында кімнің жеңіске жететініне қарамастан, биткоин қарашаның соңына дейін 80 мың долларға жетеді деп болжап отыр.

Кейінгі уақытта биткоин өсуі биткоинге бағытталған биржалық қорларға (ETF) қаражаттың жедел келуімен қатар жүріп жатыр. Farside Investors деректері бойынша, өткен аптада АҚШ-тың 11 биткоин ETF-іне таза ағын 1,5 млрд долларды құрады, ал бір апта бұрын көрсеткіш 2,1 млрд доллар болған.

Cointelegraph жазғандай, бірнеше криптотрейдер биткоин бағасында үлкен серпіліс мүмкіндігін көріп отыр.

«Ең ірі криптовалюта Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісін ескереді», – деп хабарлады IG Australia Pty нарық аналитигі Тони Сикамор өз клиенттеріне. – «Биткоинге 70 мың доллардан жоғары тұрақты серпіліс қажет. Бұл криптовалютаның биылғы наурызда орнатылған 73 798 доллар рекордын жаңарта алатынына сенімділікті арттырады».

Trading Economics болжамы бойынша, осы тоқсанның соңына қарай биткоин 62 958 доллар тұрады, ал бір жылдан кейін 53 654 доллар болуы мүмкін.

АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп АҚШ-ты әлемдік криптоастанаға айналдыруға уәде етті. Оның сайлаудағы қарсыласы Камала Харрис бұл салаға нормативтік база енгізу идеясын қолдады. Олардың ұстанымдары қазіргі президент Джо Байденнің «салаға қарсы шараларынан» айтарлықтай өзгеше деп жазды Bloomberg.

Сондай-ақ Трамп өзінің сайлау науқанының ірі демеушісі, миллиардер Илон Маскты үкіметтің тиімділігін арттыру департаменті немесе DOGE деп аталатын бөлімді басқаруға шақыратынын айтты. Мұндағы DOGE Масктың Dogecoin токені екенін атап өткен жөн.

Investing.com мәліметі бойынша, қазан айы капиталдандырылуы ең жоғары он криптокомпания үшін сәтті өтті. Портал құрастырған тізімге Riot Blockchain (10-орын), Core Scientific (9) және Marathon Digital Holdings (7) майнинг компаниялары, Galaxy Digital (8) криптовалюта қаржылық қызметтер провайдері, Grayscale Bitcoin Trust (6) споттық биткоин ETF, MicroStrategy (5) биткоинның ең ірі корпоративті иесі, Block (4) және PayPal (2) төлем қызметтері, Coinbase (3) криптобиржасы және биткоиннің ең ірі инвесторларының бірі, электрмобильдер өндірушісі Tesla (1) кірді.

MicroStrategy акциялары қазанда шамамен 40%-ға өсті. 27 қазанда биткоин бағасының өсуімен олар соңғы 25 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. BTC кірісінің 10%-ын инвестициялауға уәде еткен және майнингке арналған модульдік платформаны әзірлеп жатқан Block акциялары қазан айында 8%-ға өсті.

Негізгі табысын криптовалюта мәмілелерінен алатын Coinbase акциялары да осы айда биткоин өсуінің арқасында 15%-ға қымбаттады. Геосаяси шиеленістің артуынан инвесторлар сақтық танытқандықтан, PayPal акциялары сәл ғана – 4,7%-ға өсім көрсетті. Tesla үшін ай сәтсіз болғанымен, 24-25 қазанда өткен екі сауда сессиясы компанияның құнын төрттен бір бөлікке арттырды.