Қор нарығына шолу: Трамптың жоспары несімен қауіпті, Қытай бақылауды күшейтті, Үндістан экономикасының жағдайы
Экономистер Дональд Трамптың реформалары көптеген сауда «соғысын» туындатып, АҚШ-тың экспортын қысқартып, жаһандық жеткізу тізбектерін бұзуы мүмкін деп ескертті. Бұл процесс қазірдің өзінде басталып кетті. Қытай компьютер чиптерін және «жасыл» энергетикаға арналған компоненттерді өндіруге қажетті минералдарға бақылауды күшейтіп жатыр. Осы және өзге де тақырыптар туралы 28 қазан күнгі әлемдік БАҚ шолуынан оқи аласыз.
Трамптың жоғары тарифтері әлемдік бизнесті шайқалтып, одақтарды бұзады
Дональд Трамптың жоспары халықаралық сауда жүйесіне «лақтырылған граната» болмақ деп жазды NYT. Ол жариялаған тарифтік шаралар АҚШ-қа әкелінетін тауарлардың басым бөлігін қамтиды. Бұл 3 трлн доллардан астам импортқа әсер етеді. Аталған әдіс кейбір АҚШ компанияларына көмектесуі мүмкін, бірақ бұл артықшылықтар шығындармен теңестірілуі де ықтимал.
Экономистердің айтуынша, Трамп енгізуді жоспарлап отырған тарифтер америкалық өндірушілер және шетелден материалдар мен бөлшектерді сатып алуға мәжбүр компаниялар үшін бағаларды айтарлықтай көтереді. Бұл шығындар америкалық тұтынушыларға жүктеледі.
Сонымен қатар Трамптың реформалары көптеген сауда соғысын тудыруы мүмкін. Өйткені басқа елдер жауап ретінде өз шараларын қабылдайды. Бұл қақтығыстар АҚШ-тың экспортын қысқартып, жаһандық жеткізу тізбектерін бұзып, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері АҚШ қалыптастырған одақтар жүйесін әлсіретеді.
Еске салайық, Трамп шетелдік тауарлардың басым бөлігіне 10-20% мөлшерінде «әмбебап тариф» және Қытайдан келетін тауарларға 60%-дан жоғары тарифтер енгізуді ұсынды. Сондай-ақ ол Мексика арқылы Қытайдың көліктерін АҚШ-қа әкелуге тыйым салғысы келетінін, сол үшін «қажетті барлық тарифтерді – 100%, 200%, тіпті 1000%» енгізетінін мәлімдеді. Трамптың пікірінше, бұл зауыттардың Америкаға қайта оралуына ықпал етеді.
Петерсон Халықаралық экономика институтының аға ғылыми қызметкері және ХВҚ-ның бұрынғы бас экономисі Морис Обстфельд Трамптың әрекеттері елдерді сауда ережелерінен бас тартуға және халықаралық ұйымдарды елемеуге әкелетін «жаһандық анархияға» соқтыруы мүмкін деп есептейді.
Қытай компьютер чиптерін өндіруге қажетті минералдарға бақылауды күшейтіп жатыр
NYT басылымының мәліметінше, Қытай билігі сирек жер металдарын өндірушілерге арналған экспорттық ережелерді қатаңдатып жатыр. Қазіргі уақытта Қытай компьютер чиптерін өндіруге қажетті сирек минералдардың негізгі өндірушісі болып саналады және әлемдік қордың барлығына жуығын қамтамасыз етеді. Басылымның жазуынша, жаңа шектеулер оның нарықтағы үстемдігін нығайта түседі.
Экспорттаушылар сирек жер металдарын батыс жеткізу тізбектерінде қалай пайдаланылатыны туралы егжей-тегжейлі есептерді билікке ұсынуға тиіс. 15 қыркүйекте Сауда министрлігі жартылай өткізгіштерді, әскери жарылғыш заттарды және басқа да қару-жарақ түрлерін өндіруде қолданылатын сурьманың экспортын шектеді. Өткен жылы министрлік чиптер өндіруге қажетті галлий мен германийдің экспортын бақылауға алды.
Лондондағы Benchmark Mineral Intelligence компаниясының критикалық минералдар жөніндегі өнімдер директоры Даан Де Йонг жеткізілімдердегі іркілістер қаупін «нарықтың үстінде кез келген сәтте соққы жасайтын Дамокл семсерімен» салыстырды. Мысалы, Қытайдан алынатын сирек жер металдары АҚШ-та өндірілетін F-35 ұшақтарында, жел турбиналарында, электрмобиль қозғалтқыштарында және бензинмен жүретін автокөліктердегі каталитикалық нейтрализаторларда қолданылады.
Батыс елдері 2010 жылдан бері жеткізу тізбектерін әртараптандыруға тырысуда. Сол жылы Қытай аумақтық даулар кезінде Жапонияға сирек жер металдарын жеткізуге екі айлық эмбарго енгізген болатын. Алайда өндіріс шығындары төмен, бағаларды түсіріп, қаржылық шығынға ұшырауға дайын қытайлық компаниялармен бәсекелесу қиын. Қытай химия саласындағы жетістіктері арқылы өңдеушілерге сирек жер металдарын аз шығынмен көбірек алуға мүмкіндік беріп, басымдыққа ие болды.
Үндістан үкіметі елдің экономикалық өсімін 7% деңгейінде сақтайды
Үндістан үкіметі ағымдағы қаржы жылында экономикалық өсімнің 6,5%-7% деңгейінде болатынын болжап отыр. Бұл өткен жылғы 8,2%-бен салыстырғанда төмен. Reuters агенттігінің мәліметінше, үкіметтің ай сайынғы экономикалық есебінде елдің ЖІӨ өсіміне қатысты болжам сақталып, негізгі қауіптер көрсетілген: геосаяси қақтығыстар мен әлемдегі ірі державалардың сауда саясатына қатысты белгісіздігі экономикалық көрсеткіштерге әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар геоэкономикалық бөлшектену мен дамыған экономика бар елдердегі қаржы нарықтарының шамадан тыс бағалануы да теріс факторлар қатарында аталған. Алайда жалпы алғанда, Үндістан экономикасының келешегі оң бағаланып отыр. Себебі ауыл шаруашылығы саласы бойынша оң болжамдар бар әрі сұраныстың өсуі күтілуде делінген есепте.
Құжатта инфляцияның бақылауда екені және ол да қауіп факторларының бірі ретінде қарастырылатыны көрсетілген.
Англия банкі базалық мөлшерлемені 4,75%-ға дейін төмендетуі мүмкін
Reuters-тің хабарлауынша, Англияның 72 жетекші экономисінің сауалнамасы бойынша, Орталық банктің алдағы отырысында базалық пайыздық мөлшерлеме ширек тармаққа төмендеп, 4,75%-ға дейін жетеді деп болжанып отыр. Дегенмен, сауалнамаға қатысқандардың үштен екісі желтоқсанда мөлшерлеменің өзгермейтінін және Англия банкі сақтық танытатынын болжайды.
«Отырыстар арасындағы кезеңде инфляцияға қатысты оң көрсеткіштер комитет мүшелерінің инфляцияның мақсатты көрсеткішке тұрақты түрде жақындап жатқанына деген сенімін арттыруы мүмкін», – дейді Investec компаниясының экономисі Элли Хендерсон. – «Біз бұл жағдайда Англия банкінің Ақша-несие саясаты комитеті инфляциямен күресте жеңіске жетті деп мәлімдейді деп ойламаймыз. Дегенмен өсім тәуекелдері әлі де сақталуда».
Айта кетсек, қыркүйек айында Британиядағы инфляция үш жылдық минимумға жетіп, 2,2%-дан 1,7%-ға дейін төмендеді, бұл Англия банкінің 2%-дық мақсатты көрсеткішінен төмен. Британия экономикасы әлі де салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Ал осы аптада Ұлыбританияның қаржы министрі Рэйчел Ривз инвестицияны ұлғайту жоспарланған бюджетті ұсынбақ. Биыл елдегі инфляцияның орташа есеппен 2,6%, 2025 жылы 2,3%, ал 2026 жылы 2,0% деңгейінде болатыны және Британия экономикасы биыл 1%-ға, келесі жылы 1,3%-ға және 2026 жылы 1,5%-ға өсетіні болжанған.