Биыл 9 айда ел бюджетіне салық жоспардан 24,4%-ға кем түскен. Қазақстан үкіметі қаңтар-қыркүйек аралығында қазынаға 10,7 трлн теңге салық түседі деп жоспалағанымен, 8,1 трлн ғана жиналған. Осылайша ел бюджетінің тапшылығы тереңдеп барады.
Қаржы министрлігінің 1 қазанға арналған республикалық бюджет туралы есебінде 2024 жылдың тоғыз айында бюджетке жалпы 13,5 трлн теңге кіріс түскені жазылған. Бұл жоспарлы 14,8 трлн теңгеден 8,7%-ға кем. Осы 13,5 трлн теңгенің 8,1 трлн теңгесі – салықтан жиналған қаржы. Есептен салыққа қатысты жоспар 75,6% ғана орындалғанын байқауға болады.
Соның ішінде корпоративтік табыс салығы жоспардан 70,9%-ға орындалған. 9 айда 3,1 трлн теңге түседі деп жоспарланса, бар-жоғы 2,2 трлн теңге корпоративтік табыс салығы түскен. Қосымша құн салығының жоспары 70,2% орындалған. Үкімет биыл ҚҚС-тан қазынаға 5,1 трлн теңге түседі деп болжағанымен, нақты 3,5 трлн теңге салық кірген.
Есесіне салықтық емес түсімдер 623%-ға орындалып, 920 млрд теңге түсіпті. Үкімет жоспарында салықтық емес түсімдер 147,8 млрд теңгені құрауы тиіс еді.
Одан бөлек, республикалық бюджетке Ұлттық қордан түскен трансфеттердің көлемі артқан. 9 айда бюджетке Ұлттық қордан 3,4 трлн теңге алынады деп жоспарланғанымен, қордан қаржы артығымен алынып, 4 трлн теңгені құраған. Соның ішінде кепілдендірілген трансферт – 2 трлн теңге болса, нысаналы трансферт 2 трлн теңге.
Алдағы айларда бюджетке қордан бөлінетін қаржы көбейе түспек. Өйткені Үкімет қордан тағы 2 трлн теңге алуға шешім қабылдаған. Жалпы 2024 жылы республикалық бюджетттегі қаржы тапшылығын жою үшін үшін Ұлттық қордан алынатын қаржы 5,6 трлн теңгені құрайды.
Осы уақыт аралығында Үкімет сырттан 5 трлн теңге қарыз алған. 2,1 трлн теңгені құрайтын қарызды өтеген.
Айта кетерлік жайт, Үкімет шығынын жоспардан 4,5%-ға қысқартқан. Жыл басында 9 айда 17,1 трлн теңге шығын шығады деп жоспарланғанымен, нақты 16,4 трлн теңге шығыс шыққан.
Нәтижесінде бюджет тапшылығы 2,99 трлн теңгені құрады. 9 айдағы бюджет тапшылығы 2,5 трлн теңгені құрауға тиіс еді. Бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы 7,1 трлн теңгені құрауға тиіс болғанымен, 8 трлн теңгені құраған. Осылайша бюджет тапшылығы 6,4%, мұнайға қарысты емес тапшылығы 12,6 пайыз артқан.
Бұл есепті қыркүйек айымен салыстырғанда үкімет бюджеттің кіріс бөлігін арттыра алғаны байқалады: 1 қыркүйекте кіріс жоспары тек 88,4%-ға орындалса, 1 қазанда бұл көрсеткіш 91,3%-ға жеткен. Алайда салық жоспардан төрттен бір есе аз түскендіктен, жағдай өзгермей, бюджет тапшылығы тереңдеп жатыр.