Құрылыс кодексіне 291 млн теңге негізсіз жұмсалды ма: министр Шарлапаев қате жіберген қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтты
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Құрылыс кодексін әзірлеу барысында қате жіберген министрлік қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Қаржы министрлігі аудит жүргізіп, нәтижесінде қаржы заңсыз жұмсалғаны анықталмаған. Бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек дәл осы аудит нәтижесіне сүйеніп, Құрылыс кодексінің жобасына 291 млн теңге негізсіз жұмсалды деп мәлімдеген.
«Қаржы министрлігінің қорытындысын 18 қазанда алдық. Соған сәйкес, ешқандай қаржы заңсыздығы анықталмаған. Қаржымин құжаттан рәсімдік сәйкесіздік қана тапты. Бұл қатесі үшін министрлік қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деді министр.
Шарлапаевтың айтуынша, Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы заң қабылдау тәртібі аясында қабылдануы мүмкін.
11 қыркүйекте Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Бақытжан Базарбек жобаны әзірлеу барысында негізсіз жұмсалған 291 млн теңгені бюджетке қайтарып, жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуды талап еткен. Базарбектің айтуынша, кодекс сапасы сын көтермейді, ал оны қайта қарау мен түзетуге депутаттар қосымша уақыт жұмсауға мәжбүр.
Депутат кодекстің 98-99%-ы қолданыстағы заңдардан алынған, яғни онда жаңашылдық жоқ деп атап өткен. Осыған байланысты Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті аталған қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексеріп, аудит нәтижесі бойынша бірқатар заң бұзу анықталған.
Біріншіден, 382 млн теңгеге кодекс әзірлеу міндеті министрлікке заңсыз жүктелген. Сонымен қатар депутат министрлік пен «ҚазҚСҒЗИ» арасындағы келісімшарт негізсіз жасалған дейді. Екіншіден, 291 млн теңге бюджет қаражатын жоспарлауда Бюджет кодексінің талаптары бұзылған. Үшінші тұлғалардан қызметтер алу құны жоғары бағаланып, нақты шығындар негізсіз көрсетілген.
Аудит комитеті сырттан ұйымдардың тартылмағанын және қосымша ғимараттардың жалға алынбағанын анықтады. Сонымен қатар штаттағы қызметкерлерге еңбекақы негізсіз төленген. Депутат бюджет қаражатын жымқырғандарға жауапкершілік жүктеуді, іс материалдарын Бас прокуратураға жіберуді және негізсіз төленген қаражатты қайтаруды талап еткен болатын.