Халықаралық сарапшылар Kaspi.kz-тің Hepsiburada маркетплейсін сатып алуы компания рейтингіне қалай әсер ететінін айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Kaspi.kz
Фото: kursiv.media

Kaspi.kz компаниясының түрік ірі маркетплейсі – Hepsiburada платформасын сатып алуы компанияның кредит рейтингіне (BBB-/Тұрақты) тікелей әсер етпейді. Бұл туралы Fitch Ratings агенттігі хабарлайды.

Fitch Ratings сарапшыларының пайымдауынша, Kaspi.kz-тің өте жоғары қолма-қол қаражат табу қабілеті мен Hepsiburada компаниясының аз-маз қарызы осы мәміленің Kaspi.kz-тің капиталы мен қарыз деңгейіне айтарлықтай әсер етпейтінін байқатады.

Дегенмен Kaspi.kz-тің болашақта Түркиядағы бизнесін дамытуға қосымша инвестиция салуы оның қарыз жүктемесін арттырса, бұл жайт компания рейтингісіне теріс әсер етуі ықтимал. Алайда сарапшылар компанияның бұл бағыттағы жоспары әлі айқын емес екенін атап өткен.

«Алдағы бірнеше жылда Hepsiburada бизнесін қолдау мен дамыту үшін айтарлықтай инвестиция салуды қажет етсе, Kaspi.kz-ке теріс рейтингтік қысым туындауы мүмкін. Әсіресе, егер Kaspi.kz өз пайдасының едәуір бөлігін Hepsiburada-ға бағыттап немесе осы инвестицияларды қаржыландыру үшін айтарлықтай қарыз алса (оның ішінде холдинг деңгейінде де), бұл маңызды факторға айналады», — деп атап өтті агенттік.

Kaspi.kz компаниясы 18 қазанда Hepsiburada маркетплейсінің бақылау үлесінің 65%-ын сатып алатынын хабарлады Түркиядағы реттеуші органдар мақұлдаған соң, мәміле 2025 жылдың І тоқсан соңында аяқталуы тиіс. Kaspi.kz Hepsiburada-ны сатып алу мәмілесін өз қаражаты мен таза пайдасы есебінен қаржыландыруды жоспарлап отыр. 2024 жылдың үшінші тоқсанының соңында компания есепшоттарында 1 млрд АҚШ доллары болған. Fitch Ratings сарапшылары 2025 жылы Kaspi.kz-тің таза пайдасын шамамен 2,5 млрд долларға жетеді деп болжайды.

Агенттік Kaspi.kz пен оның негізгі еншілесі – Kaspi Bank-тің қазіргі «BBB-/Тұрақты» рейтингі Kaspi.kz-тің біріктірілген ХҚЕС есебіне негізделгенін нақтылады.

Сондай-ақ оқыңыз