Оңтүстік Кореялық Samsung, қытайлық HKC және немістің Siemens компаниялары Қазақстанда техника өндірісін дамытуға инвестиция салады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Биыл жыл соңына қарай Samsung брендімен тұрмыстық техника шығарыла бастайды деп жоспарланғанымен, келер жылға қалдырылған.
«Біз халық тұтынатын тауарлар өндірісін кеңейтуді, оған халықаралық инвестор тартуды мақсат етіп отырмыз. Samsung өндірісін 2025 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған», – деді ол.
Тамыз айының ортасында Шарлапаев Samsung компаниясы теледидар мен кір жуғыш машиналарды Қарағанды облысындағы техника зауытында шығаратынын мәлімдеген еді. Жылына шамамен 400 мың дана өнім шығару жоспарланып, өндіріс бастапқыда 2024 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады делінген. Алайда өндірістің кейінге шегерілу себебі нақтыланбады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамызда Саран қаласындағы Silk Road Electronics зауытының жұмысымен танысқанда, зауыт Samsung брендімен тұрмыстық техника шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.
Сонымен қатар, қыркүйек айының ортасында Германия канцлері Олаф Шольцтің Қазақстанға ресми сапары аясында «Самұрық-Қазына» қоры Siemens компаниясымен стратегиялық келісімге қол қойды. Бұл құжат Қазақстанда өлшеу техникасын, өндірісті автоматтандыру құралдарын және электр жабдықтарын кезең-кезеңімен жергілікті өндіріске бейімдеуді көздейді.
Қазіргі уақытта қазақстандық компаниялар ас үй плитасы, мини-пештер, кір жуғыш машиналар, теледидар, су жылытқыштар, шаңсорғыштар сынды тұрмыстық техника шығарып, оларды ірі электроника дүкендерінде сатылымға шығарып келеді. Олардың арасында Artel брендін өндіретін Silk Road Electronics, Dausher брендін шығаратын «Алматы тұрмыстық зауыты» және Xiaomi брендімен өнім шығаратын DS Multimedia бар. Министрдің айтуынша, жыл басынан бері 200 мың тұрмыстық техника шығарылған, жыл соғына дейін тағы 100 мың шығарылуы мүмкін.
Сонымен қатар, Шарлапаев машина жасау жобаларына 600 млрд теңге қаржы керек екенін айтады Бұл қаражат қазіргі зауыттарды жаңғырту мен жаңа өндіріс ашуға жұмсалмақ.
Бұған дейін Қанат Шарлапаев Саран қаласында шығарылатын отандық тұрмыстық техниканы өз үйінде пайдаланбайтынын мәлімдеді.