Қазақстандағы сақтандыру компаниялары 2024 жылғы ІІІ тоқсан қорытындысында 156,6 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл ІІ тоқсандағы 97 млрд теңгемен салыстырғанда, 60%-ға артық.
Жоғары пайда алған сақтандыру компаниялары
Қазір сақтандыру нарығында 24 сақтандыру және қайта сақтандыру компаниясы жұмыс істейді. Үшінші тоқсанда «Еуразия «СК» АҚ, «Қазақстан Халық Банкінің өмірді сақтандыру бойынша «Халық-Life» еншілес компаниясы» АҚ және «Freedom Finance Insurance» СК» АҚ ең көп пайда тапқан.
«Еуразия» сақтандыру команиясы 2024 жылдың 9 айында 51,4 млрд теңге таза пайда көрген. «Евразия» сақтандыру компаниясы «Еуразия қаржы компаниясына» тиесілі. Қаржы тобының түпкі иесі – Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер Алиджан Ибрагимов, Патох Шодиев пен Александр Машкевич.
Ал Халық-Life 45,3 млрд теңге табыс тапқан. Сақтандыру компаниясы – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның еншілес ұйымы. Халық банкі компанияның жалғыз акционері және «Халық-Life» АҚ орналастырылған акцияларының 100%-на иелік етеді. Ал банктің түпкі иесі – «Алмэкс» холдингі арқылы акцияларына иелік ететін Тимур және Динара Құлыбаевтар.
Жоғарыда аты аталған екі компания еліміздегі ірі сақтандыру компанияларының қатарына жатады. «Еуразия» сақтандыру компаниясы 595 млрд теңге активке иелік етсе, «Халық-Life-тың» 441 млрд теңге активі бар.
Үздік үштікті «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясы түйіндейді. Ол ІІІ тоқсанда 11 млрд теңгеге жуық таза пайда тапқан. Компания таза пайдасын І тоқсан ішінде екі есе: 5,4 млрд теңгеден 11 млрд теңгеге жеткізген. Компания «Фридом Финанс» АҚ-ға тиесілі. Түпкі иесі – кәсіпкер Тимур Турлов.
Сонымен қатар «Freedom Life» өмірді сақтандыру компаниясы мен «Халық Сақтандыру компаниясы» әрқайсысы 9,6 млрд теңге таза пайда алған. Ал «Қазақмыс» сақтандыру компаниясының таза пайдасы 6 млрд теңгеден асқан.
Шығынға батқан сақтандыру компаниялары
2024 жылдың 9 айында шығынға батқан сақтандыру компаниялары арасында «Еуразия» өмірді сақтандыру компаниясы көш бастап тұр. Аталмыш компанияның 9 айдағы шығыны 1,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл өмірді сақтандыру компаниясы Еуразия қаржы тобының құрамына кіреді.
Екінші орынға нарықтағы ең ірі сақтандыру компанияларының бірі – «Nomad Life» ӨСК» АҚ табан тіреген. Оның шығыны 1,5 млрд теңге. Компания ІІ тоқсанды 2,6 млрд теңге пайдамен жапқан болатын. Алайда ІІІ тоқсан нәтижесінде шығынға батып отыр. Компанияның жалғыз акционері – «НОМАД» Сақтандыру тобы» ЖШС. Түпкі иесі – Алмас Мыңбаев.
Аутсайдерлер үштігін 683 млн теңге шығынмен «Коммеск-Өмiр «ӨСК» АҚ түйіндейді. Өмірді сақтандыру компаниясы ІІ тоқсанды 539,7 млн теңге пайдамен жапқан. Компания төлеген сақтандыру төлемдерінің екі есе артуы компанияның шығынға батуына ықпал етуі мүмкін. Жалғыз акционері – Елдар Әбдыразақов.
Бұл компаниялардан бөлек, «ТрансОйл» сақтандыру команиясы – 544 млн теңге, «Standard Life» – 362 млн теңге шығынға батқан.