Антикор Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Ансар Қажмұқанұлына не үшін іздеу жариялағаны жайлы ақпарат беруден бас тартты. КursivМediaның ресми сауалына келген жауапта Антикор мұндай ақпарат тергеу құпиясына жататынын айтқан.
«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) сіздің сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөніндегі ақпарат беру туралы сұрау хатыңызды қарап, ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайтынын хабарлаймыз», – делінген жауапта.
23 қазанда Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Ансар Қажмұқанұлына іздеу жарияланғаны белгілі болды. Іздеу жариялаған – Астана қаласының Антикоры.
«Ансар Қажымұқанұлы 21.10.2024 ж. іздеу ісі «Астана» аймағында тіркелді. Іздеуді жүргізуші орган – Астана қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті», – делінген Антикор хабарламасында.
Аңсар Қажымұқанұлы мен Сиви Махмуди он жылдай бір шаңырақ астында тұрып, үш жыл бұрын ажырасып кеткен. Ертесі күні әнші өз есімін экс-күйеуімен байланыстыра бермеуді сұрады.