Жаңалықтар

Қазақстандағы Ресей импортына тәуелді өңірлер

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тұрақты түрде дамып келе жатыр, әсіресе Ресейдің Қазақстанға жасаған импорты тұрғысынан. Бұл байланыс географиялық жақындық, экономикалық өзара тәуелділік, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі келісімдер арқылы нығаюда. 

Ресеймен шектесетін барлық өңірлер Ресей импортына тәуелді болып отыр

Әлемдегі ең құрлықтық шекара Қазақстан мен Ресей шекарасы екені бәрімізге мәлім. Еліміздегі 7 облыс көрші Ресеймен шекаралас аймақта орналасқан. Мәселен, солтүстік өңірдегі Ақтөбе, БҚО, СҚО, Павлодар және Абай облыстарының әрбір екінші импорты Ресейден жөнелтіледі. Сондай-ақ биылғы жылдың 8 айындағы ресми ақпаратқа назар аударсақ, Ресейге шекаралас Қостанай облысында Ресей импортының үлесі 30,1% және ШҚО-да бұл көрсеткіш 42,5%-ды  құрап отыр. 2024 жылдың қаңтар-тамызында аталған 7 облысқа жалпы көрші Ресейден құны 3,3 млрд доллар болатын тауар және қызмет түрлерін импортталған.

Ресей – Қазақстанның басты иморттаушы елі

2023 жылы тауар айналымы бойынша Қазақстанның басты сауда серіктесі Қытай болғанымен, басты импорттаушы статусын Ресей алып отыр. Оның үлесі 2023 жылы 27,9% болса, 2024 жылдың 8 айында 29,4% үлеспен бірінші орынды сақтап отыр. Бұл өз кезегінде Ресейдің рублі құбылмалы болғандықтан, сауда келісімдеріне әсер етеді. Рубльдің бағамы төмендесе, Ресейден импорттау арзандайды, алайда рубль бағамының құбылмалылығы Қазақстандағы бағалардың тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.

Импорттағы негізгі тауарлар

Ресейден Қазақстанға импортталатын тауарлардың кең спектрі бар, ең маңыздысы:

Энергетикалық ресурстар:

Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін, газ және электр қуатын импорттайды. Бұл өнімдер энергетика саласында қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін және елдің әртүрлі өңірлерінде энергиямен жабдықтауда қолданылады.

Машиналар мен құрал-жабдықтар:

Қазақстан Ресейден өнеркәсіптік жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасы, автокөліктер, теміржол вагондары мен арнайы техника сияқты тауарларды көптеп алады. Бұл секторлар елдің өндірістік қуатын арттыру үшін маңызды рөл атқарады.

Металл және металл өнімдері:

Ресей Қазақстанға болат, алюминий, түсті және қара металл өнімдерін жеткізеді. Бұл өнімдер құрылыс, өндіріс және инфрақұрылымдық жобаларда кеңінен қолданылады.

Азық-түлік тауарлары:

Ресейден келген азық-түлік тауарларының ішінде ұн, сүт өнімдері, ет өнімдері, кондитерлік бұйымдар және бидай елеулі орын алады. Бұл тауарлар Қазақстанның ішкі нарығындағы азық-түлік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін маңызды.

Химия және пластмасса өнімдері:

Қазақстан Ресейден химиялық заттар, тыңайтқыштар, пластмасса және синтетикалық материалдар сияқты өнімдерді де импорттайды, олар ауыл шаруашылығында, өндіріс және өңдеу өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады.

Ресей импортына жоғары тәуелділік қандай кемшіліктерге алып келеді?

Кейбір өнімдер бойынша Қазақстанның Ресейге тәуелділігі жоғары, бұл монополиялық тәуекел туғызуы мүмкін. Егер Ресей белгілі бір тауар түрін жеткізу көлемін шектесе немесе бағасын өсірсе, Қазақстан ішкі нарықта тапшылыққа тап болуы мүмкін. Ресейден келетін тауарлар қолжетімді болғандықтан, кейбір отандық өндірушілер бәсекелестікке төтеп бере алмауы мүмкін. Бұл Қазақстандағы кейбір салаларға, әсіресе ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ, Ұзақ мерзімді перспективада жергілікті өндіріс әлсіреп, импорттық өнімдерге деген тәуелділік арта түседі, бұл экономиканың өзіндік дамуын тежейді.

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың артықшылықтарымен бірге елеулі кемшіліктері де бар. Бұл кемшіліктерді еңсеру үшін Қазақстанға әртараптандырылған импорттық саясатты дамыту, басқа елдермен сауда байланыстарын күшейту және жергілікті өндірісті қолдау маңызды.