2025 жылы Астанада «Штадлер Қазақстан» зауытында швейцариялық жолаушылар вагондарының өндірісі іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев хабарлады.
Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 100 вагонды құрайды. «Штадлер Қазақстан» 2030 жылға дейін құны 2,3 млрд доллар болатын 537 вагон жеткізуге «Қазақстан темір жолымен» келісімшартқа отырды.
«Штадлер Қазақстан» теміржол вагондарын шығаратын Stadler Rail швейцариялық өндіруші компаниялар тобына кіреді.
Қазіргі таңда Қазақстанда жүк және жолаушылар вагондарын екі отандық компания – «Қазақстан вагон құрастыру компаниясы» және «ЗИКСТО» компаниялары шығарады Ал локомотивтерді – «Локомотив құрастыру зауыты» (американдық Wabtec компаниясына тиесілі) және «Электровоз құрастыру зауыты» (француздық Alstom) шығарады.
Министр берген ақпаратқа сүйенсек, кәсіпорындар осы жылы 423 млрд теңгеге өнім өндірген. Өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 есе көп.
«Жыл қорытындысы бойынша министрлік жүк вагондарының өндірісін 4 есеге – 2 мың бірлікке дейін, жолаушылар вагондарының өндірісін – 122 бірлікке дейін, локомотивтердің өндірісін – 128 бірлікке дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр», – деді Шарлапаев.
Министр теміржол вагондарын шығарудың әлеуеті үлкен деп ойлайды. Себебі қазір жылжымалы құрам паркі 139 мың бірлікті құраса, оның 55%-ы тозған.