2024 жылғы 28 қазанда мұнай бағасы Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуынан 6% құлдырап, 29 қазан қайта қалпына келе бастады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
«Дүйсенбі, 28 қазан мұнай бағасы кейінгі екі жылдағы ең үлкен құлдыраудан кейін, қайта қалпына келе бастады. Өйткені нарық қатысушыларында Таяу Шығыстағы соғыстың күрмеуі шешіледі деген үміт пайда болды. Сонымен қатар инвесторлар назары АҚШ-тың алдағы экономикалық деректеріне ауа бастады», – деп хабарлады басылым.
Айта кетейік, алдыңғы сессияда Brent 6,1%-ға құлдырағаннан кейін, оның бағасы барреліне 72 долларға жақындады. Ал West Texas Intermediate маркалы шикізат барреліне 68 доллардан төмендеді.
Израиль өткен демалыс, 26-27 қазанда Иранға жауап соққысынан кейін кепілге алынған адамдарды босату үшін Газа секторында қысқа мерзімді бітімге келуге дайын екенін хабарлады.
«Иран мұнай нысандарын Израильдің әскери жоспарынан шығарғандықтан, сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі бағаға ықпалды негізгі факторға айналды», – деді Pepperstone Group Ltd зерттеу бөлімінің басшысы Крис Уэстон.
Осы аптада АҚШ бірқатар экономикалық деректер, соның ішінде қаржы саласының дамуы мен жұмыспен қамту туралы мәліметтер беруі керек.
Еске сала кетсек, дүйсенбі, 28 қазан Brent бағасы бір айдағы ең төменгі деңгейге түсті. Осының салдарынан Bloomberg Exxon, Chevron, Shell және TotalEnergies сынды ірі мұнай компанияларының кірісі 12%-ға дейін төмендейді деген болжам жасады.