Ресей соғыстың зардабын енді тарта бастады: рубльмен бірге теңге де арзандап барады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Теңге бағамы құнсызданды. Оған не себеп?
Теңге бағамы құнсызданды. Оған не себеп? Сарапшы түсіндірді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан қор биржасындағы кешгі саудада теңге сараланған бағамы дүйсенбімен салыстырғанда 0,8%-ға (3,89 теңгеге) құнсызданып, 1 долларға 491,70 теңгені құрады.

Өткен аймен салыстырғанда ұлттық валюта бағамы 10,24 теңгеге әлсіреген. Қазақстанның ақша айырбастау пунктерінде доллар 491-495 теңге аралығында сатылып жатыр. Төл валютаның күрт құлдырауына не себеп? «Курсив» тілшісі мұның себебін экономист Бауыржан Шурмановтан сұрады.

Сарапшы мұны соғыс салдарынан Ресей экономикасында туындаған мәселермен байланыстырды. Оның пайымынша, рубль құнсызданып, Қазақстанның төл валютасына қысым жасап жатыр.

«Ресей соғыстың зардабын енді тарта бастады. Соғыс, санкциялар РФ экономикасын әлсіретті. Қазір қолға алынған шаралар көмектеспейді. Олар бұған көне бастады. Тіпті, 1 доллар – 100 рубль бағамына да дайын. Бірақ олар бізді ойлап отырған жоқ. Қазақстан экономикасы Ресеймен тығыз байланысты. Сондықтан рубль құлдырап жатқанда, біздің де валютамыз құлдырайды», – деді экономист.

Сарапшының айтуынша, Ұлттық қордан шетел валютасын сату шаралары теңге бағамына қысқа мерзімді ғана қолдау болады.

«Бірақ рубльдің айырбастау бағамы өте агрессивті құнсызданып жатыр. Ұлттық қордан шетел валютасын сату шаралары бірнеше күнге ғана жетеді», – деп түсіндірді маман.

Бұл ретте экономистен: «Қазір доллар сатып алуға бола ма? Әлде кеш пе? Доллар тағы қымбаттай ма?»,  – деп сұрадық.

«Доллар 500 теңгеге дейін қымбаттайды. Егер бұдан асып кетсе, адамдар дүрліге бастайды. Сондықтан дереу интервенция жүргізілуі мүмкін», – деген болжамымен бөлісті сарапшы.

Бұған дейін Ресей экономикасы соғыс зардабын енді сезіне бастағанын танымал экономист, Лондон бизнес мектебінің деканы Сергей Гуриев те айтқан еді.

«Дәл қазір РФ Ұлттық қорын қадағалауымыз керек. Ондағы қаржы күрт азайды. Ол қазір ЖІӨ-нің 2,5%-ы шегінде. Сондықтан алдағы уақытта санкцияларды қатаңдатып, бюджет тапшылығын арттырса, бір жылдан кейін Ресейдің ақшасы таусылуы мүмкін», – деген болатын экономист.

Жуырда ғана қабылданған 2025 жылға Ресей бюджеті шығыстарына назар аударсақ, оның 41%-ы қорғаныс пен қауіпсіздікке, яғни соғысқа жұмсалатынын байқауға болады.

Айта кететіні, қазан айында Ресейдің «қызыл ақшасы» құнсызданып, 1 доллар 97 рубльге жақындады. Осы тұста Қырғыз сомының да аздап құбылғанын байқауға болады.

Еске сала кетсек, Қазақстанның экономикасы Ресеймен тығыз байланысты. Елдің 7 аймағы РФ-мен шекаралас аймақта орналасып отыр. Мысалы, Ақтөбе, БҚО, СҚО, Павлодар мен Абай облыстарына әр екінші импорт Ресейден әкелінеді.

Сондай-ақ оқыңыз