Соңғы 5 жылда елдегі автожолдардың құрылысына 6 трлн теңге жұмсалған. Алайда бұл қаражат жол желілерінің сапасына айтарлықтай әсер ете қоймаған. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, агенттік төрағасы Асхат Жұмағалидің басшылық етуімен жол саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткен. Жиында автожол саласында жүйелі жемқорлық тәуекелдері анықталғаны айтылған.
«Соңғы 5 жылда жол саласына 6 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалды, бірақ жол желісінің жай-күйі халық тарапынан шағым тудырып жатыр. 2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарының сапасыздығына қатысты 20 мыңнан астам шағым түсті. Жұртшылық мұны жемқорлықпен байланыстырады»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Ал осы жылдың басынан бері бұл саладан 24 қылмыстық іс тіркелген. Агенттік бюджет қаражатын жымқыру үшін жемқорлардың қандай айла-амалдарды пайдаланатынын анықтаған. Олар келесідей:
- жақында салынған жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізеді;
- жобалау кезінде смета шамадан тыс жұмыс пен материалдардың есебінен жасанды түрде жоғарылатылады;
- келісімшарттар көбінесе тәжірибесі мен ресурстары жоқ мердігерлермен, бір көзден немесе картельдік келісім шарттар негізінде жасалады.
Бұл жұмыстардың сапасын қадағалайтын ұйымдар өз әлеуетін лайықты деңгейде пайдалана алмайды немесе құзыреттілігі жетпейді екен. Мәселен, жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы анықтаған ақаулар туралы қорытындыларын орындау міндетті болып саналмайды. Сонымен бірге саланы дамытуда Қазақстанның жол ғылыми-зерттеу институтының әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды.
«Қолданбалы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды енгізудің орнына институт нормативтік құжаттаманы әзірлеумен айналысады»,- делінген хабарламада.
Сонымен бірге жаңа технологиялар енгізілгенімен оларды бақылау лайықты деңгейде жүргізілмейді. Одан бөлек, білікті кадрлардың жетіспеушілігі және күрделі нормативтік-құқықтық базаның жептіспеушілігі автожолдардың сапасының нашарлауына алып келеді.
Мәселен, цифрландыру саласын алатын болсақ, соңғы 10 жылда ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінген. Бірақ үлкен қаржы жұмсалғанына қарамастан, жолдардың цифрлық картасы әлі күнге дейін әзірленбеген.
Салдағы осындай кемішіліктерді анықтай келе, агенттік осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 90-нан астам ұсыныс дайындаған. Олардың ішінде:
- Жобалар сараптамасының және техникалық қадағалау институтының функционалын қайта қарау;
- ҚазжолҒЗИ-ді сұранысқа ие инновациялық технологияларды әзірлеуге қайта бағдарлау;
- ірі жол жобаларды ғылыми-техникалық сүйемелдеу;
- жол активтері сапасының ұлттық орталығының өкілеттіктерін күшейту;
- жолдардың цифрлық картасын жасау жөніндегі ұсыныстар бар.