Шарлапаев Саран қаласында шығарылатын отандық тұрмыстық техниканы өз үйінде пайдаланбайтынын айтты
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Саран қаласында шығарылатын отандық тұрмыстық техниканы өз үйінде пайдаланбайды. Бұл жайлы министр Үкімет сағатынан кейін өткен брифинг барысында айтты.
Жиында журналист министрден қандай отандық тұрмыстық техниканы пайдаланатынын және мұндай техниканы қандай дүкендерден алуға болатынын сұрады.
Шарлапаев отандық өнімді өз үйінде пайдаланбайтынын, бірақ елде сыйлыққа тартуға тұрарлық техникалар шығарылып жатқанын мәлімдеді. Осы орайда ведомство өкілі осындай бір тұрмыстық техника түрін туыстарына сыйлыққа тарту еткенін атап өтті.
«Менің үйімде мұндай техника жоқ. Бірақ Dauscher өндірген пешті өзімнің туған-туысқандарыма сыйлыққа алдым»,- деді министр.
Ал техниканы қайдан алуға болатынын нақтылап сұраған журналиске ведомство басшысы интернет мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға кеңес берді.
«Қазір заманауи технология бар. Менің жұбайым оны (пешті) интернет арқылы сатып алды. Көбісі «қайдан сатып аламыз» деп сұрап жатады. Отандық тұрмыстық техниканы интернет дүкендер арқылы сатып алуға болады», – деді министр.
Ал өзінің отандық өнімді неге сатып алмағанын министр үйіндегі бұрынғы техниканың ескіріп үлгермегенімен түсіндірді. Айтуынша, бұрын алынып қойған техниканы ауыстыру қажеті туындамаған.
«Мен отандық тұрмыстық техникаға сенетіндіктен оны туыстарыма сыйлыққа сатып алып бердім. Ал өз үйімде ешқандай техника сынған жоқ, сол себепті оларды жаңалау қажеті болмады», – деді.
Сонымен бірге министр тұрмыстық техниканы сату мәселесі зауыттардың маркетингтік жоспарына кіретінін, ал өзінің министр ретіндегі міндетіне сол зауыттардың өндіріс көлемін арттырып, кәсіпорын жұмысын жолға қою кіретінін ескертті.
«9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 200 мыңға жуық тұрмыстық техника өндірілді. Бұл – бұрын-соңды болмаған нәтиже. Елде техника өндіріліп жатыр. Мәселен, Алматы қаласындағы зауыты өндірістік қуатын 700 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр», – деді министр
Шарлапаевтан БАҚ өкілдері отандық тұрмыстық техниканың импорттық тауарлармен қалай бәсекелесетіні туралы да сұрады.
«Қазір Қазақстан нарығына сұр импорт арқылы кіретін ұсақ техника түрлері бар. Бұл, әрине, отандық өндірушілерге теріс әсер етеді. Сұр импорт баж және кедендік салықтар төлемей кіретіндіктен, арзан болады. Нәтижесінде отандық өндірушілер мұндай бағамен бәсекелесе алмай жатады. Сол үшін бүгін премьер-министр Олжас Бектенов тапсырма беріп, әрбір кіргізілетін өнімнің сертификатталуын қадағалауды тапсырды»,- деді министр.
Айта кетейік, Саран қаласында Samsung брендімен теледидар мен кір жуғыш машина шығарылмақшы. Бұл жобаға Ұлттық қордан 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Сонымен бірге Artel брендімен теледидар, электр сужылытқыш, шаңсорғыш, асүй плитасы мен желдеткіш шығарылып жатыр.