Ресей телеарналары YouTube аккаунттарын бұғаттағаны үшін Google-ден 2 ундециллион рубль талап етіп отыр. Ундециллион дегеніміз – 36 нөлден тұратын сан. Бұл туралы РБК жазды.
Ресей соты бұл цифрды айыппұл ретінде тағайындаған. «Тұрақсыздық айыбы күн сайын өсіп жатқанын» еске салып, аталған компанияны қолжетімділік беруге міндеттепті. Жалпы Google-ге 17 ресейлік телеарна шағым түсіріп отыр.
Кезекті сот отырысында судьяның өзі таңырқап, «нөлдері өте көп істі» қарастырып жатқанын айтқан. Жәбірленуші ретінде «Звезда», «Первый канал», ВГТРК («Россия 1», «Россия 24» және басқалары) секілді кремльшіл арналар тіркелген. Сондай-ақ Маргарита Симоньянның ЖК-сі де бар.
Google-мен «Царьград» және РИА ФАН 2020 жылдан бері соттасып келеді. Өйткені олардың қожайындары 2014 жылдан бері АҚШ санкциясына іліккен-ді. Ресей Украинаға басып кірген соң, YouTube-тағы басқа да арналар бұғатталған. Google Ресей сотының талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.
2022 жылы Google корпорациясының ресейлік заңды тұлғасы өзін банкрот деп жариялауға өтініш білдірді. Ол кезде айыппұлдың көлемі 19 млрд рубль деп көрсетілген болатын. Банктік есеп-шоты бұғатталды. Бір жарым жыл өткен соң, сот оны банкрот деп тапты.