Ресей Украинаға басып кірген соң, соғысқа қарсы ресейліктерді депортациялап, тұтқындау үшін Мәскеу көрші елдермен байланысын пайдаланып жатыр. Бұл туралы The guardian басылымы хабарлады.
Қырғызстанда туып өскен 29 жасар Алина Горшина былтыр Алматыға келіп, Балаларды қорғау күнін тойламақ болады. Бірақ Ресейдің сұрауы бойынша қырғыз-қазақ шекарасында ұсталған. Бұл әйел Ресейге өмірінде екі рет қана барған. Десе де Алексей Навальныйдың командасында ерікті болыпты. Әлеуметтік желілерде Путиннің саясатына қарсы ойларын ұдайы жазып жүрген.
Алина Қазақстанда екі ай темір тордың арғы жағында отырған. Сосын босатып, үйіне қайтуға рұқсат берген.
23 жастағы ресейлік Лев Скорякинге 2023 жылы қаңтар айында Мәскеудегі арнайы қызмет ғимаратының маңында наразылық акциясын ұйымдастырды деп айып тағылған. Төлқұжатын алып қойған соң, ол алыс шетелге кете алмаған. Ол Қырғызстанды таңдаған.
«Біз бұл жақта тыныш жүрсек, қауіпсіз боламыз деп ойлаған едік. Қателесіппіз», – дейді ол.
Қырғыз арнайы қызметі оларды жатақханасында жатқан жерінен ұстап, әуежайға әкеліп, ресейлік қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің қолына ұстатқан.
Ресей Украинаға басып кірген соң, жүздеген мың ресейліктер мобилизациядан қашу үшін Орталық Азияға қашты. Көбінің паспорттары жоқ. Куәліктері ғана бар.Сондықтан олар Қазақстан мен Қырғызстанды таңдаған. Бірақ бұл елдердің қауіпсіз емес екенін, Мәскеудің құрығы ұзын екенін байқапты.
Freedom House есебінше, 2022 және 2023 жылдары Қазақстан мен Қырғызстан Ресейдің сұрауы бойынша 14 ресейлікті ұстап, елдеріне қайтарған.
Басылымның пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстан Украинадағы соғысқа қатысты бейтараптық танытуға ұмтылып келді. Бірақ жергілікті қауіпсіздік қызметтері ресейлік әріптестерімен үздіксіз жұмыс істейді.
Қазақстандық адвокат Мұрат Адам Ресейдің сұрауы бойынша ұсталған бірнеше адамның ісі бойынша жұмыс істеген.
«Ресей елден кеткен белсенділер де тұтқындалуы мүмкін екенін көрсетіп, адамдарды қорқытқысы келеді», – дейді қорғаушы.
Адамның сөзіне қарағанда, Қазақстан Ресейге кейбір адамдарды беруден бас тартқан. Оның бір ғана себебі бар – депортацияға ықпал ететін барлық құжаттарды Ресейдің жібермеуі.