Дариға Назарбаеваның Астанадағы резиденциясы неге бұзылып жатыр? – құзырлы орган түсініктеме берді

Жарияланды (жаңартылды )
Дариға Назарбаева резиденциясы бұзылып жатыр / фото: yandex.kz/maps

KursivМedia Есіл жағасындағы Дариға Назарбаеваға тиесілі болған резиденцияның қора-қопсысы бұзылып жатқанын анықтады. Бұл туралы Астана қаласының сәулет, қала салу және жер қатынастары басқармасына арнайы сауал жолдады. Құзырлы орган мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде Тәшенов және Аман көшелерінің қиылысындағы нысандарды бұзуға рұқсат бергенін растады.

«Бұл жобаны іске асыру нысандарды бұзуды, аумақты игеруді қарастырады: жағалауды абаттандыру, сондай-ақ канал арқылы жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу», – делінген басқарманың жауабында.  

Астана қаласының сәулет, қала салу және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бұл аудан көпорталық аясында дамитын болады. Бұл аймақта құрылыс салған кезде жайлылық деңгейін арттыру көзделеді. Яғни білім беру нысандары, қоғамдық кеңістік, жағалауға еркін өту мүмкіндігі, жаяу жүргіншілер мен велосипед тебушілерге арналған жолдар салу ескерілмек.

«Бұл жоба қоғамдық талқылаудан өтті. Тұрғындар бұл аймақты кешенді дамыту жөніндегі инвесторлардың ұсынысын қолдады», – делінген басқарма жауабында.

Әзірге Дариға тұрған тұрғын үй бөлігі дін аман. Тек қана резиденцияның жер телімінде жапсарлас салынған ғимараттар бұзылып жатыр. Бұзу жұмыстары шамамен отыз мың шаршы метрді қамтиды.  

Бір қызығы, Мемлекеттік жер кадастрының жер кадастры және автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі картада бұл ғимарат мүлде көрсетілмеген.

«Выход к морю» телеграм арнасының дерегінше, жылжымайтын мүлік 2000 жылы желтоқсан айында «Трансакция» ЖШС атына тіркелген.

«Бұл компанияға Назарбаевтың тұңғыш қызы тікелей ұзақ иелік етпеген. 2020 жылдың қараша айынан 2021 жылдың қыркүйегіне дейін ғана деген дерек бар. Сосын қожайындары туралы мәлімет жасырылған», – делінген телеграм арнасы.

Бұл мәліметті Kursiv.media редакциясы да тексеріп көрді. «Трансакция» құрылтайшыларына қатысты ашық деректерде қызықты мәлімет бар. Мысалы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ екі түрлі кезеңге екі түрлі мәлімет ұсынды.

Айталық, 2020 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметке сәйкес, «Трансакция» ЖШС жалғыз құрылтайшысы Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызы. Компания директоры Наурызбаев Арман Серікұлы деп көрсетілген. Ол кезде компания Жұмабек Тәшенов көшесі 16А деген ғимаратта тіркеуде тұрған.

«Трансакция» ЖШС биыл, яғни 2024 жылдың 9 қазанында қайта тіркелген. Бұл кезде компания мекен-жайы мен басшысы да өзгеріпті. Енді ол бұрынғы мекен-жайына көршілес Жұмабек Тәшенов көшесі 18 ғимаратына қоныс аударыпты. Бұл – Дариға Назарбаеваның бұрынғы резиденциясы делінген ғимарат. Ал, жаңа басшы Саяқова Жаңыл Мұратбекқызы. Компания қай тіркеуден өткен соң оның құрылтайшысы да өзгерген. Ол – «Estate-A» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

«Estate-A» ЖШС-ға келсек, ол 2022 жылдың 1 қыркүйегінде тіркеліпті. Мекенжайы – Алматы қаласы, Медеу ауданы, Жуковский көшесі. Құрылтайшысы ретінде «Exclusive Kurmangazy» ЖШС мен Земфира Узиева көрсетілген. Ал «Exclusive Kurmangazy» ЖШС-ның өзі жоғарыда көрсетілген мекенжайда орналасқан. 2024 жылы 14 наурызда қайта тіркелген. Алғаш рет 2017 жылы тіркеліпті. Құрылтайшысы ретінде Севиль Караева Хатамшаевна мен Земфира Узиева Шахмуратова көрсетілген.

Proportunity мәліметінше, Узиева Земфира – «Exclusive» компаниялар тобының бас директоры.

Басында бірнеше компания тіркелген Севиль Караева болса, salyqcontrol.qoldau.kz мәліметінше, 10 млн теңге қарызы бар адамдардың тізімінде жүр.

Сондай-ақ оқыңыз