Бейжің мемлекеттік органдарға электр көліктерді көбірек сатып алуды міндеттеді

Жарияланды (жаңартылды )
Қытайда меморгандар электр көліктерді жиі сатып алады / фото: kursiv.media

Қытай билігі барлық деңгейдегі әкімшілік құрылымдарға, сондай-ақ партиялық және мемлекеттік органдарға жаңа энергия көзін пайдаланатын көліктерді (NEV) көбірек пайдалануды бұйырды. Көрші ел тапсырыс беру арқылы электр көліктерді өндірушілерді қолдау шараларын күшейтпек.

Үкімет нұсқауларына сәйкес, жыл сайынғы автокөлік сатып алудағы NEV үлесі кем дегенде 30% болуы керек деп жазды Қытай басылымына сүйенген Интерфакс. Сатып алынатын қызметтік көліктердің бағасы 180 мың юаньнан (25,2 мың доллар) аспауы қажет. Бұған қоса, билік электромобильдерді зарядтау станцияларын орнатуға ынталандырып отыр.

«Кейбір аймақтарда қазірдің өзінде осы саясатты ұстануда және оның аясының кеңейе түсуі BYD және Leapmotor сияқты брендтерді қоса алғанда, орташа баға сегментіндегі автокөліктерге сұранысты арттыратын оң фактор болады», – деп атап өтті Daiwa Capital Markets Hong Kong Ltd. сарапшысы Кевин Лау.

Бейжің нұсқауы тек қытайлық компаниялардың көліктеріне немесе Қытайда жұмыс істейтін барлық электр көлік өндірушілеріне қатысты ма, осы жағы белгісіз.

Сейсенбі, 29 қазан күнгі Гонконгтағы саудадан кейін,қытайлық электромобиль өндірушілерінің акцияларының бағасы көтерілді. АҚШ-тағы қытайлық автоөндірушілердің ADR көрсеткіштері алдыңғы сессиядағы өсімнен соң, төмендеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз