Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдының меншігінде болған «Орион» бизнес орталығы аукционда сатылды

Қайрат Сатыбалдының меншігінде болған «Орион» бизнес орталығы аукционда сатылды / фото: «Электронды сауда алаңы» порталынан

Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қайтарған мүлкі аукционға қойылған. Алматыда құрылысы аяқталмаған «Орион» бизнес орталығының ғимараты аукционда 6,2 млрд теңгеге (қосымша құн салығын қоса алғанда, 12%) сатылды. Нысанның ауданы – 21,5 мың шаршы метр. Орталық 0,63 га жер телімінде орналасқан.

Аукцион 2024 жылдың 24 қазанында өткен. Кепілдік жарнасы – 110 760 мың теңгені құрады. Нысанды теңгерім ұстаушы – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС сатқан.

2024 жылдың тамызында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі түрмеден босатылып, оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол 783 млрд теңгенің заңсыз мүлкін мемлекетке қайтарған.

2022 жылдың қыркүйегінде Қайрат Сатыбалдыұлы «Қазақтелеком» АҚ және «CFTS» АҚ жымқырғаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өз кінәсін мойындап, «Қазақтелекомның» 28,8% акциясын мемлекетке қайтарды. 2024 жылдың сәуірінде Сатыбалдыұлына тағы да «ақшаны жылыстатты» деген айып тағылды.