Жаңалықтар

Қазақстанда шығарылатын көліктің 15%-ы ғана отандық бөлшектен тұрады —  Өнеркәсіп министрі

Сатылған жаңа көліктердің 63%-ы Қазақстанда жасалған / Коллаж: архив kursiv.media 

Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің тек 15%-ы ғана отандық бөлшектерден тұрады. Осылай деген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев отандық локализация деңгейінің төмен екенін мойындады.

«Дәл қазір, әрине, локализация деңгейі жоғары емес. Оны мойындауымыз қажет. Бірақ үлкен локализация деңгейіне жету үшін бірнеше тәсіл бар. Қазіргі таңда бізде CKD деген тәсіл бар, яғни шағын түйінді құрастыру. 2025 жылдың бірінші тоқсанында, екі үлкен зауытты іске қосатын боламыз. Сол кезде локализацияның деңгейін арттырамыз. Себебі сол екі зауыттың ең негізгі мақсаты CKD тәсілімен көліктерді өндіру. Қазіргі уақытта мультимедиялық жүйелер жасап жатырмыз, пластик бөлшектер, дөңгелектер, автоорындықтарды өндіріп жатырмыз. Шамамен дәл қазір менің ойымша 15%-ы отандық локализация болады. Бұл біздің жұмыстың бастауы. Зауыт құрылыстары аяқталып, іске қосылса отандық локализацияны арттыратын боламыз.», – деді Қанат Шарлапаев үкіметте өткен брифингте.

Министр қазақстандықтардың отандық көлікке деген сұранысы қандай деген сауалға да жауап берді.

«Нақты ақпарат бойынша қазір Қазақстанда өндірілген, жаңа көліктердің үлесі 63%. Яғни жаңа көліктердің 63%-ы Қазақстанда өндіріледі. Әрине халық өзі таңдайды, біздің ақпаратымызға қарағанда қазір қазақстандықтар отандық өндірушілерге басымдық беріп жатыр«, – деді министр.

Министр Үкімет жиынында Қазақстанда Changan, Haval, Chery, Geely, Exeed, КAIYI, KIA сынды көліктерді шығаратын бірнеше зауыт ашылатынын да мәлім етті. Атап айтқанда, Алматыда мультибрендті зауыт ашылып, онда жылына 90 мың автокөлік шығарылатын болады. Бұл кәсіпорын 3600 адамды жұмыспен қамтиды. Екіншісі, Қостанайда салынып жатқан KIA зауыты. Мұнда жылына 70 мың автомобиль шығарылып, 1500 адамға жұмыс орны ашылады. Бұл кәсіпорын құрылысына 200 млн доллар көлемінде қаражат тартылған. Ал Geely, Exeed, КAIYI жеңіл автомобильдер өндірісін жолға қою үшін 150 млн доллар көлемінде инвестиция тартылған.