Барреліне 73 доллар: Дүниежүзілік банк нарықтағы артық мұнай шикізат бағасын арзандатады деп болжайды
Биыл Таяу Шығыстағы қақтығыстар мұнай бағасын құбылмалы етті. Дүниежүзілік банк болжамы бойынша, бұл қақтығыс одан әрі ушықпаса, Brent маркалы мұнай 2025 жылы барреліне 73 доллардан саудалануы мүмкін. Бұл – кейінгі 4 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болмақ.
Дүниежүзілік банктің «Тауар нарықтары болжамы» есебіне сәйкес, 2025 жылы артық мұнай өндірісі шикізат бағасын кейінгі бес жылда қатты құнсыздандырып жіберуі мүмкін.
Сарапшылар келер жылы тәулігіне өндірілетін мұнай көлемі сұраныстан 1,2 млн баррельге асып түседі деген болжам жасайды. Мұндай артық мұнай бұған дейін тек пандемия кезінде және 1998 жылғы мұнай дағдарысында байқалған.
«Мұнай өндірісінің артуы – Қытай өнеркәсіп өндірісінің баяулауы және сұйытылған табиғи газбен жүретін электр көліктері мен жүк көліктері сатылымы артуымен байланысты. Сонымен қатар ОПЕК+ құрамына кірмейтін кейбір елдер де мұнай өндірісін арттырады. ОПЕК+ ұйымы пандемияға дейінгі кезеңге қарағанда өндірісті екі есе, яғни 7 миллион баррельге дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар», – делінген құжатта.
Егер Таяу Шығыстағы қақтығыс күшейсе, мұнай өндірісі тәулігіне 2 млн баррельге қысқаруы ықтимал. Мұнайдың аз шығарылуы нарықта ұсынысты азайтып, Brent-ті бастапқыда 92 долларға дейін қымбаттатып жіберуі мүмкін. Одан кейін қосымша өндірісі есебінен мұнайдың орташа бағасы 84 долларды құрауы мүмкін.
Дүниежүзілік банк бас экономисінің орынбасары Айхан Косе:
«Жаһандық экономика мұнай соққысына дайын екені көрініп тұр. Бұл дамушы елдерге инфляцияны төмендетуге және қымбат мұнай субсидияларын азайтуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді.
30 қазанда Мәжілісте Қазақстанның 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеті тақыланды. Ұлттық экономика министрлігінің базалық сценарийінде мұнайдың бағасы барреліне 75 доллар көлемінде есептелген. Яғни Қазақстан үкіметінің болжамы Дүниежүзілік банк болжамынан асып кетіп отыр.