Қор нарығына шолу: АҚШ еңбек нарығы баяулап келеді, ФРЖ мөлшерлемені қанша тармаққа төмендетеді, Қытайдың қарызы
АҚШ еңбек нарығы баяулап келеді. Сондықтан қараша айында Федералдық резервтік жүйе (ФРЖ) мөлшерлемені 25 базистік тармақтан артық төмендетпейді деп болжап отыр нарық қатысушылары. Қытай үкіметі 10 трлн юань көлемінде жаңа қарыздық бағалы қағаздар шығаруды жоспарлауда. Бірақ оның басым бөлігі жергілікті қарыздарды қайта қаржыландыруға жұмсалмақ, бұл экономикаға дем беруге арналмаған. Осы және өзге де тақырыптар туралы 29 қазандағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыздар.
АҚШ-та бос жұмыс орындарының саны 2021 жылдың қаңтар айынан бергі ең төменгі деңгейге түсті
ФРЖ үшін экономиканың маңызды көрсеткіші – АҚШ еңбек нарығы баяулап келеді. Қыркүйек айында елде жаңа бос жұмыс орындарының саны жасалған болжамдардан да төмендеді деп хабарлады Yahoo Finance.
АҚШ Еңбек статистикасы бюросының қайта қаралған мәліметтері бойынша, қыркүйек айының қорытындысында елде 7,44 млн жаңа бос жұмыс орны ашылған. Бұл тамыз айындағы 7,86 млн көрсеткіштен аз. Қыркүйек айындағы мәліметтер 2021 жылдың қаңтарынан бергі ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Bloomberg сауалнамасына қатысқан экономистер қыркүйекте 8 млн жұмыс орны ашылады деп күтті.
Қызметкерлердің сенімділігін көрсететін жұмыстан шығу деңгейі тамыз айындағы қайта қаралған 2%-дан қыркүйекте 1,9%-ға төмендеді. Бос жұмыс орындары мен кадрлар айналымын зерттеу (JOLTS) бойынша қыркүйек айында 5,55 млн адам жұмысқа қабылданған. Қабылдау деңгейі 3,5%-ға дейін аздап өсті. Тамыз айында 5,43 млн адам жұмысқа орналастырылған болатын.
Нарық жұма күнгі еңбек нарығы туралы есепті күтіп отыр. Ол қазан айындағы жұмыспен қамтылу туралы алдын ала мәліметтерді ұсынады. Экономистер қазанда экономика тек 110 мың жұмыс орнын құрады деп болжайды. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 243 мың болған.
Еңбек нарығының баяулауын ескере отырып, трейдерлер 7 қарашадағы отырыста ФРЖ мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендететініне сенімді. CME FedWatch құралының дерегіне сүйенсек, трейдерлердің 96%-ы осыған сенім артып отыр.
Reuters сауалнамасы: ФРЖ қараша айында мөлшерлемені ширек тармаққа төмендетеді
Reuters агенттігінің сауалнамасына қатысқан экономистердің көбінің пікірінше, 7 қарашадағы отырыста ФРЖ мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетеді. Олардың 90%-ы желтоқсан айында мөлшерлеме тағы да ширек тармаққа төмендейді деп санайды. Нәтижесінде федералды қорлар бойынша мөлшерлеме 4,25-4,5%-ды құрайды. Сауалнама 23-29 қазан аралығында жүргізілді.
«Мен келесі екі кездесудің әрқайсысында мөлшерлеме 25 базистік тармаққа төмендейді деп ойлаймын», – деді Jefferies компаниясының аға экономисі Томас Саймонс. Оның айтуынша, экономикаға жедел жұмсарту шаралары қажет емес.
Экономистердің пікірінше, ФРЖ 2025 жылдың алғашқы екі тоқсанында мөлшерлемені әрқайсысында 50 базистік тармаққа, ал жылдың соңғы тоқсанында 25 базистік тармаққа төмендетеді. Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай федералды қорлар бойынша мөлшерлеме 3-3,25%-ды құрайды, бұл ФРЖ-ның орташа болжамынан сәл төмен. Естеріңізге сала кетейік, ФРЖ-ның бағалауынша, экономиканы ынталандырмайтын және тежеуге де ықпал етпейтін бейтарап мөлшерлеме 2,9%-ды құрайды.
АҚШ бойынша Societe Generale бас экономисі Стивен Галлахер ФРЖ өкілдерінің көпшілігі ұстанатын сақтық ұстанымы дұрыс шешім деп санайды. Әсіресе, экономикалық көрсеткіштер тұрақтылықты білдіріп, инфляцияның 2%-дық мақсатына жетуде едәуір қиындықтар бар екенін ескеру маңызды.
Қытай үкіметі 10 трлн юань көлемінде жаңа қарыздық бағалы қағаздар шығаруды жоспарлап отыр
Қытай экономикасын қалпына келтіру мақсатында қосымша 10 трлн юаньнан астам (1,4 трлн доллар) қарыздық міндеттемелер шығару мүмкіндігін қарастырып отыр деп хабарлады Reuters. Ақпарат көздерінің мәліметінше, егер алдағы АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетсе, қаржылық пакет кеңейтілуі мүмкін.
Сингапурдағы OCBC банкі Қытай зерттеулер бөлімінің басшысы Томми Ксидің айтуынша, қаржы жергілікті басқару органдарының жасырын қарыздарын шешуге, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ішкі сұранысты қолдауға бағытталады. Гонконгтағы Natixis банкінің аға экономисі Гэри Нг қазір экономиканы қолдау үшін қабылданып жатқан шаралар жағдайды сәл де болса жеңілдетуі мүмкін, алайда барлық мәселені шешпейді деп отыр.
Сингапурдағы RBC Capital Markets компаниясының азиялық валюта стратегиясы бөлімінің басшысы Элвин Тан қарыз қаражатының қалай жұмсалатыны маңызды екенін айтты. Алдағы қаржылық пакет негізінен жергілікті билік органдарының қарыздарын қайта құрылымдауға және банк секторын рекапитализациялауға бағытталмақ. Бұл жоғары пайыздық мөлшерлемелері бар қарыздарды төмен пайыздық мөлшерлемелері бар қарыздарға ауыстыруды білдіреді. Яғни таза фискалдық әсер аз болады және бұл экономиканы ынталандыру үшін сұранысқа көп ықпал етпейді.
JPMorgan Уолл-стриттегі үздік зерттеу компаниясы атанды
Bloomberg JPMorgan Chase Extel инвесторлар сауалнамасының нәтижесі бойынша АҚШ-тағы ең үздік зерттеу компаниясы атанды деп хабарлады. Morgan Stanley үшінші орынға ие болды, одан кейін Evercore ISI және Jefferies Financial Group тұр. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы JPMorgan бірінші орынды Bank of America-ға берген еді.
JPMorgan-ның бұрынғы қызметкері Марко Коланович капиталға қатысты стратегиялар бойынша үздік маман атанса, Piper Sandler & Co. компаниясының өкілі Майкл Кантровиц №1 портфельдік стратег ретінде танылды. Wolfe Research компаниясының өкілі Инь Ло цифрлық зерттеулер бойынша бірінші орынға ие болды. Evercore ISI компаниясының маманы Эд Хайман ең үздік экономист атанды – бұл атақты ол сауалнаманың 53 жылдық тарихында 44-ші рет иеленіп отыр. Evercore ISI маманы Рич Росс ең үздік техникалық аналитик, ал Кришна Гуха Вашингтондағы сарапшылар рейтингінде бірінші орнын сақтап қалды.
Bloomberg атап өткендей, 2024 жылы экономикалық және қаржылық көрсеткіштерді болжау қиынға соқты. Piper командасы биыл S&P 500 индексіне қатысты мақсатты бағаларды жариялауды тоқтатты. Себебі ірі технологиялық компаниялардың үстемдігі аясында индекстің абсолютті мәндегі болжамдары маңызды болмай қалды. Айта кетсек, S&P 500 индексі жыл басында белгіленген 4867 тармақтық мақсатты бағадан 20%-ға асып кетті.