Еуроодақ Қытай электромобильдеріне бес жылдық салық енгізді

Жарияланды
Фото: shutterstock

Еуропалық Одақ сәрсенбі, 30 қазан күні Қытайда өндірілген электромобильдерге бес жылдық тұрақты кедендік салық енгізді. Брюссель мен Бейжің арасындағы балама шешімдерге қатысты келіссөздер әзірге нәтиже бермеді. Бұған жауап ретінде Қытай ірі жеңіл автокөліктерге арналған импорттық тарифтерді көтеруі мүмкін. Бұл жағдайдан Германияның люкс авто брендтері көп зардап шекпек.

Қытайдан импортталатын электромобильдерге арналған «қорытынды өтемдік салықтардың» 35,3%-ға дейінгі мөлшерін енгізу туралы шешім 29 қазанда ЕО журналында жарияланды және түн ортасында күшіне енді деп хабарлады Associated Press. Егер балама шешім табылмаса, бұл салықтар бес жыл бойы қолданылады.

ЕО-да BYD өндірушісінің импортына салық 17%-ды, Geely үшін 18,8%-ды, Қытайдың мемлекеттік SAIC компаниясының көліктеріне 35,3%-ды құрайды. Geely Polestar және Volvo брендтеріне иелік етеді, ал SAIC компаниясы Еуропада ең көп сатылатын электромобильдердің бірі MG брендіне ие.

Қытайда электромобиль шығаратын басқа да компаниялар, соның ішінде Германияның Volkswagen (Audi және Porsche-ге иелік етеді) және BMW компаниялары ЕО-да 20,7% мөлшерінде салық төлейтін болады. Tesla үшін Еурокомиссия жеке есептелген ставка ретінде 7,8% мөлшерін белгіледі.

30 қазан күнгі сауда барысында қытайлық және еуропалық автоөндірушілердің акциялары арзандады. Қытайда BYD акциялары 0,7%-ға, SAIC Motor 0,8%-ға, Geely 3%-ға төмендеді. Нью-Йорктің премаркетінде қытайлық Nio-ның АҚШ депозитарлық қолхаттары 2,5%-ға арзандады. Еуропа нарығында сауда ашылғанда Porsche және Ferrari 0,7%, Mercedes-Benz 1,2%, BMW 1,3% нарықтық құнын жоғалтты. Volkswagen сауда басындағы күрт төмендеуді қайта қалпына келтіріп, 1%-ға өсті.

Қытайдың сауда министрлігі 29 қазанда «Бейжің бұл шешіммен келіспейтінін және оны қабылдамайтынын» мәлімдеді деп хабарлады Reuters. «ЕО Қытаймен баға міндеттемелері бойынша келіссөздерді жалғастыратынын аңғартты», – деді министрлік. Сондай-ақ екі тарап үшін де қолайлы шешім табуға үміттеніп, сауда шиеленістерін күшейтпеу үшін бұл мәселенің мүмкіндігінше тезірек шешілуін қалайтынын атап өтті.

Қытайдың ЕО жанындағы Сауда палатасы ЕО-ның «протекционистік» және «еріксіз» шараларынан көңілі қалғанын әрі салықтарды көтеруге балама табу бойынша келіссөздерде айтарлықтай прогрестің болмағанына алаңдаушылық білдірді. Биыл Бейжің ЕО енгізген уақытша салықтарды Дүниежүзілік сауда ұйымында талқылауға шығарған болатын. Сонымен қатар ЕО-дан импортталатын бренди, сүт өнімдері мен шошқа етін тексеруді бастады.

Еуропалық автоөндірушілер Қытайдан келетін арзан электромобильдердің көптеп импортталуына қарсы күрес жүргізіп жатыр. Еурокомиссияның бағалауы бойынша, Қытай брендтерінің ЕО нарығындағы үлесі 2019 жылы 1%-дан аспаған болса, қазір 8%-ға жетті. 2025 жылға қарай 15%-ға жетуі мүмкін. Реттеуші бұл электромобильдердің бағасы ЕО-да өндірілген модельдерге қарағанда, орташа есеппен 20%-ға төмен екенін атап өтті.

Сонымен қатар ЕО ішінде бұл мәселеге қатысты ортақ пікір жоқ. Қазан айындағы дауыс беру кезінде ЕО-ның ең ірі экономикасы әрі автоөндіріс бойынша көшбасшысы Германия салықты енгізуге қарсы болды. Дауыс беру барысында ЕО-ның 10 мүшесі қосымша салықты қолдаса, бесеуі қарсы дауыс берді, ал 12 мемлекет қалыс қалды.

Маусым айында Қытайдың мемлекеттік Global Times басылымы үлкен көлемді бензинді қозғалтқышы бар көліктерге арналған импорттық салықтарды көтеруді ұсынды. Бұл Қытайда сатылымының үлкен үлесі бар Германияның люкс авто брендтеріне айтарлықтай әсер етеді.

Сондай-ақ оқыңыз