Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамы неге құбылып тұрғанын түсіндірді. Ұлттық валютаның кейінгі күндері құнсыздауына мұнай бағасын айтарлықтай әсер еткен.
Қара алтын бағасы 80 доллардан 71 долларға дейін құлдырағаны белгілі. Десе де бас банк басшысы Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта доллар әлі 500 теңгелік межеден аспағанын атап өтті.
Сүлейменовтің айтуынша, доллардың қымбаттауына заңды тұлғалар сұранысының артуы да себеп. Өйткені қазір ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олар мемлекеттік бюджет немесе квазимемлекеттік сектор есебінен қаржыландырылады және импортқа тәуелді болғандықтан, долларды көп мөлшерде қажет етеді.
«Бұл тұжырымды валюта биржасындағы нақты сауда сомасы растайды Қазір олар күніне шамамен 290 млн долларды құрайды, дегенмен орташа күндік 200 млн доллар шамасында болуы керек», – деді Ұлттық банк басшысы.
Десе де алдағы уақытта теңгенің еркін бағамына сыртқы ірі екі фактор ықпал етуі мүмкін. Біріншісі – АҚШ-тағы сайлау. Сүлейменов бұл макроэкономикадағы салмақты фактор екені атап өтті. Екінші – OPEC-тің мұнай бағасына қатысты шешімі.
«Біріншіден – АҚШ-тағы сайлау. Бұл қос бағытта әсер ете алатын маңызды макроэкономикалық фактор… Екіншіден, ОПЕК+ шешімін күтуге тура келеді. Яғни егер ОПЕК+ елдері келісіп, мұнай өндіруді нақты қысқарта алса, бұл Қазақстанға оң әсер етеді», – деді ол.
Алайда алдағы уақытта саудаға Ұлттық қор активтері шығарылатындықтан, биржадағы баға біршама тұрақтанбақ. Өйткені Үкіметтің сұраған трансфертін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк Ұлттық қорда жатқан 2 млрд долларды қосымша саудаға шығарады. Яғни нарықта доллар көбейеді. Сондықтан Сүлейменов теңге бағамы қатты құлдырайды деп алаңдамай-ақ қоюға шақырды.
29 қазан ақша айырбастау пунктерінде доллар 493-495 теңгеден саудаланды. Сарапшылар теңге бағамына мұнай бағасының құлдырауы әсер еткенін айтқан. Сонымен қатар экономист Бауыржан Шурманов теңге рубльмен бірге арзандап бара жатқанына назар аударады.