Утильалымнан түскен қаржыға өртті ерте анықтау жүйесі сатып алынбақ
Утильалымнан түскен қаржының 37 млрд теңгесі өртті ерте анықтау жүйесі мен« тамыр жүйесі жабық орман тұқымбақтарын салуға жұмсалмақ. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Ашық НҚА» порталында орналастырған қаулы жобасында жазылған.
Жобаға сәйкес, оператор 2024-2026 жылдары өз табысынан 327 млрд теңгеге түрлі жобаларды қаржыландырады. Соның ішінде 24 млрд теңге өртті ерте анықтау жүйесіне жұмсалса, 13 млрд теңге орман тұқымбақтарын салуға кетеді.
«Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтың 2024 жылғы 30 шілдедегі №24 хаттамалық тапсырмасын орындау шеңберінде елде өртті ерте анықтау жүйелерін енгізу және жабық тамыр жүйесі бар орман тұқымбақтарын салу бөлігінде өзгерістер енгізуді көздейді», – делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.
Одан бөлек, орман шаруашылығында пайдаланылатын өндірістік құралдарды алуға 5 млрд теңге, Қазақстанда шығарылатын автобустарға – 15 млрд теңге, өрт сөндіру техникасына – 25 млрд теңге, Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдарының техникалық базасын жаңартатын отандық техниканы сатып алуға -50 млрд теңге жұмсалмақ.
Бұл қаулы әлі қабылданбаған, 12 қарашаға дейін ашық талқыда болады. Қазақстанда утильалым қаржысын жинаумен «Жасыл Даму» компаниясы айналысады. Бұған дейін ол «ӨКМ операторы» деп аталған.
«Жасыл даму» кейінгі екі жылда 725 млрд теңгеден аса утильалым жинаған. Компания есебіне сәйкес, осы қаржының 482 млрд теңгесі Қазақстанда өндірілген немесе сырттан әкелінген ауыл шаруашылығы техникасына жұмсалған. Ал 200 млрд теңгесіне қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу, өрт сөндіру машиналары сатып алынған.
Қазақстанда кейінгі жылдары өрттің алдын алу мәселесі өткір тұр. Өйткені жыл сайын мыңдаған өрт салдарынан, елдегі орман-тоғайдың аумағы тарылып барады.
Мәселен, 2023 жылдың жазында Абай облысындағы орманда тұтанған өрт 15 адамның өмірін қиды. Өрт тек бір айдан кейін сөндіріліп, материалдық шығын 160 млрд теңгеден асты.