Энергетика министрлігінің хабарлауынша, «Қашаған» мұнай-газ кен орнында күрделі жөндеу аяқталып, мұнай өндіру қайта басталды.
Reuters агенттігінің мәліметіне сәйкес, кен орны жалпы іске қосылған, ал 1 қарашада толы қуатымен жұмыс істей бастайды.
«Қашаған» кен орны 3 қазаннан жөндеу жұмысына жабылды. Министрлік жөндеу жұмысы 1 айға созылды дегенімен, мерзімінен бұрын аяқталған. Ресми органдар кен орнының уақытша жабылуы ішкі нарықта газ тапшылығын туындатуы мүмкін екенін ескерткен.
«Қашағандағы» жоспарлы жөндеу кезеңінде Қазақстанда мұнай өндірісінің көлемі едәуір қысқарды. Бұл жайт өз кезегінде елге ОПЕК+ келісімі шеңберінде артық шикізат өндірісін өтеуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін ОПЕК+ Қазақстан артық өндірген мұнайды қазан айында өтеуді жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. Қашағандағы жөндеуге жабылған уақытта мұнай өндірісі тәулігіне 265 000 баррельді құрады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан 2024 жылға мұнай өндіру болжамын жоспарланған 90,3 миллион тоннадан төмендетуі мүмкін екенін айтқан.
«Қашаған» – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы мұнай-газ кен орны, сондай-ақ елдегі ең ірі халықаралық инвестициялық жоба. Ондағы мұнай қоры 9-13 млрд баррельге дейін бағаланады. Коммерциялық тау-кен жұмыстары 2016 жылдың 1 қарашасында басталды. 2023 жылы кен орнынан 18,8 млн тонна мұнай өндірілді.
NCOC консорциумына Eni, Shell, TotalEnergies, Exxon Mobil, ҚазМұнайГаз, Inpex және CNPC кіреді.