Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналист Данияр Әділбековтің ісіне қатысты пікір білдірді. Ол анонимді телеграмм-арналардан көптеген адамның зардап шеккенін алға тартты. Оның айтуынша, мұндай арналар журналистика қағидаттарын сақтамайды.
«Оның үстінен арызданып отырған кәсіби журналист Гүлжан Ерғалиева болуы парадокс. Мен Ерғалиеваны кәсіби журналист деп білемін. Ал Әділбековті танымаймын», – деді Балаева.
Министр анонимді телеграмм-арналарды БАҚ ретінде тани алмайтындығын айтып, себебін түсіндірді.
«Анонимді телеграмм-арналарды БАҚ деп танымаймыз. Ресми тіркелген арналар ресми БАҚ бола алады. Ал ресми тіркеуден өтпеген арналар интернет платформалар жайлы заңмен реттеледі», – деді Балаева Мәжіліс кулуарында.
Айта кетейік, «Дикая Орда» телеграмм-арнасының авторы Данияр Әділбеков 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған.
29 қазанда қазақстандық журналистер мен белсенділер оның ісіне байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдаған.
«Біз, Қазақстанның журналистік және медиа қоғамдастығы, бұл жазаның қоғамға қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтар үшін пара-пар емес жаза екеніне сенімдіміз», – делінген ашық хатта.