Денсаулық сақтау министрі кейбір ауруларды кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізімінен алып тастайды дегенге түсініктеме берді
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжіліс кулуарында кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізімінен (КТМК) медициналық сақтандыру пакетіне қандай аурулар ауысады деген сұраққа түсініктеме берді.
Әлназарованың айтуынша, аурулар тізімін министрлік әлі нақтыламаған. Сұрақ талқылануда. Қазір тек балалар аурулары мен онкологиялық скринингтің МӘМС пакетіне берілетіні нақты. Бұл ретте мемлекет тарапынан 100% сақтандырылған 18 жасқа дейінгі аурулар міндетті медициналық сақтандыру пакетіне кезең-кезеңімен ауыстырылмақ. Ал сақтандырылмаған адамдар үшін КТМК пакетіне қосымша шамамен 22 млрд теңге аударылып, нәтижесінде олар онкологиялық скринингтік қызметтерді алады. Алайда министрдің айтуынша, ауруларды КТМК-тен МӘМС-ке беру үшін заңға өзгеріс енгізу керек.
«Негізгі міндет – ешкімді медициналық көмексіз қалдырмау. Екінші міндет – біздің азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесіне барынша тарту, олар да өз денсаулығы алдында міндеттеме алуы үшін керек», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, қазақстандықтардың 87%-ы сақтандырылған, оның 70%-нан астамы немесе 12 млн-ы мемлекет есебінен сақтандырылған. Бұл санатта 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер мен көпбалалы және мүгедектігі бар адамдар, жұмыссыздар мен әскерилер, студенттер бар.
10 қыркүйекте Ақмарал Әлназарова медициналық сақтандыру реформасы аясында кепілдендірілген тегін медициналық көмекке кіретін әлеуметтік маңызы бар 13 ауру түрінің тек алтауы ғана КТМК пакетінде қалатынын айтқан еді. Олар: туберкулез, онкология, АИТВ, ЖИТС, гепатит және сирек кездесетін аурулар. Қалған 7 ауру түрі 2027 жылға дейін біртіндеп МӘМС-ке беріледі.
Айта кетейік, Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізіміне мыналар кіреді:
- туберкулез;
- адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауру;
- созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы;
- қатерлі ісіктер;
- қант диабеті;
- психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (аурулары);
- церебральды сал ауруы;
- жедел миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай);
- ревматизм;
- дәнекер тіннің жүйелі зақымданулары;
- нерв жүйесінің дегенерациялық аурулары;
- орталық нерв жүйесінің миелинсіздендіруші аурулары;
- сирек кездесетін аурулар.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, қатерлі ісік, туберкулез, қант диабетіне күдікті қазақстандықтар тегін тексерілетінін хабарлаған.