Жайлы үй, жақсы көлік, тұрақты жұмыс: «қазақстандықтардың арманы» қанша тұрады?

Жарияланды 30 Қазан 2024 13:08

(жаңартылды 30 Қазан 2024 13:25)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
«Қазақстандықтардың арманы» қаншаға бағаланады / Архив: kursiv.media

«Америкалық арман» – бұл АҚШ тұрғындарының материалдық және рухани өмірлік идеалдарын сипаттау үшін жиі қолданылатын түсінік. Оған жайлы үй, жақсы көлік, тұрақты жұмыс пен кемі екі баланың қажетін өтеу үшін кететін шығын көлемі кіреді. Бұған қоса тізімде зейнетке шығуға дайындық, жыл сайынғы еңбек демалысының бюджеті де бар.

Бұл тіркес бүгінде еркіндік немесе мүмкіндік идеалы ретінде қарастырылады. Investopedia 29 қазанда бұл тұжырымдаманың құнын есептеп көрді. Осылайша нағыз «америкалық арманды» орындауға 4,4 млн доллар сомасында қаржы керек деген қорытындыға келген. Бұл тұста «Курсив» тілшісі «қазақстандықтардың арманы» қанша тұратынын есептеп көрді?

Бірінші кезекте қала аумағында орналасқан жайлы баспана керек

Қазіргі кезде Қазақстан бойынша баспана кезегінде 650 мыңнан астам адам тіркелген. Бұл ресми статистика ғана, тіркелмегендер саны одан да көп. Демек қазақстандықтардың бірінші арманы, негізгі қажеттілігі жайлы баспана. Ол қала орталығына жақын орналасса, тіпті жақсы. Тұрғын үй іздеу жүйелеріндегі ақпаратқа сүйенсек, Алматы қаласынан жөндеу жұмыстары жүргізілген 1 бөлмелі пәтер алу үшін кемі 20 млн теңге керек. Ал бұл «қазақстандық арман» екенін ескерсек, 2-3 бөлмелі пәтер құнын ескеру керек. Оған Астана мен Алматы сынды мегаполистердің орталығынан пәтер алу үшін орта есеппен 50-70 млн теңге қажет.

Жақсы көлік тізгіндеу үшін қанша ақша керек?

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдайды ескерсек, елде 5,4 млн автокөлік тіркелген. Оның 88%-ы – жеңіл көлік. Алайда 4%-дық жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылғандағы сұранысты қарасақ, елде көлік алғысы келетіндер саны көп. Себебі бүгінде қазақстандықтар үшін авто қозғалыс құралы ғана емес. Жұмыс істеу, мәселен, такси қызметін атқару үшін де қажет дүниелердің бірі. Бұл ретте елде ең сұранысқа ие көліктердің тізімін сараласақ.

Қазақстанда Hyundai көлігі сатылым бойынша көш бастап тұр. Оның нарықтағы үлесі 22,8%-дан асады. Одан кейінгі орында Kia тұр. Биылғы 9 айда диллер 17 058 көлік саудалады. Ал бағасы жағынан тиімді Chevrolet маркасының 15 780 бірлік көлігі сатылған. Сұранысқа ие брендтер қатарында қытайлық Chery-де бар. Ал бесінші орында Jac тұр. Қазақстандықтарға көп жылдар бойы ең сұранысқа ие көлік ретінде танылған жапондық Toyota (7 403) үздік алтылықтың қатарында.

Дәл осы Toyota-ны халықтық марка деп тануға болады. Себебі ол бағасы орташа, алғашқы және қайталама нарықта ең көп саудаланатын автолардың бірі. Бүгінде жапондық жаңа седан 80-нің бағасы 18,8 млн теңгеден басталады. Орта жинақтамасы 20,8 млн теңге, гибрид түрі 22,8 млн теңге шамасында.

Армандағы жұмыс – ең көп жалақы төленетін мамандықтар

2024 жылғы I тоқсанда Қазақстан бойынша жалақының орташа мәні 382 279 теңгені құрады. Ал ең жоғары жалақы төленетін мамандықтар тізімінде IT немесе бағдарламашы, инженер, ұшқыш, қаржы кеңесшісі, тау-кен және өндіріс, мұнай саласының қызметкерлері бар. Олар қанша алады?

IT саласының мамандары ең көп ақша табады. Салада орташа жалақы 938,4 мың теңгені құраса, бір жылда бұл көрсеткіш 147,8 мың теңгеге өскен. Одан кейінгі орында тау-кен өнеркәсібі – 864 мың теңге, қаржы секторы – 698,3 мың теңге. Жолаушыларды әуе тасымалы саласы бойынша орташа жалақы 927,3 мың теңгеге жуықтайды.

Әлбетте бұдан көп те, аз да табыс табатындар бар. Бұл тек статистика ғана.

Қамсыз қарттықты да ойлау керек

Қазақстанда ең көп зейнетақы сомасы 1 млн теңгеге жуық. Оны жалақысы көп жұмыс істеген адамдар алады. Атап айтқанда, қаржы және сақтандыру, әуе тасымалы, жоғары лауазымды қызметтер істегендер.

Осылайша, жалпы алғанда «қазақстандықтардың арманын» орындауға шамамен 100 млн теңге кетеді деуге болады. Бұған қабілетіне қарай тұрақты жұмысты қосу керек. Әлбетте, 4,4 млн долларға бағаланған «америкалық арманнан» әлдеқайда аз. Алайда екі елдің экономикасы, халқының әл-ауқатын салыстыруға келмейтіні анық.

Сондай-ақ оқыңыз