Келесі жылы Ресейде азық-түлік бағасы 8-20%-ға қымбаттайды. Бұл туралы Экпортерлер мен импортерлер қауымдастығының вице-президенті, «Лекс Альянс» заңгерлік компаниясының басқарушы серіктесі Артур Леер мәлімдеді.
Болжам бойынша, сүт шамамен 10-15%-ға, яғни бір литрі 90 рубльге (460 теңге) дейін қымбаттайды. Ет өнімдерінің бағасы да елеулі түрде өспек. Сиыр етінің бір келісі 800 рубль (4 мың теңге) тұратын болады.
Импорт тапшылығы болса, жеміс-жидек пен көкөніс бағасы 15,20%-ға шарықтауы мүмкін. Картоптың бір келісі 40 рубльге (208 теңге) дейін көтеріледі. Ал қызанақ 150 рубльден (780 теңге) сатылмақ.
21 қазанда Ресейдегі жылдық инфляция көлемі 8,52%-ға жетті.
Ресейде азық-түлік бағасының қымбаттауы Қазақстан нарығына тікелей әсер етеді. Бұл – бізде де азық түлік қымбаттайды деген сөз. Өйткені осы тауар түрлерінің көп бөлігін Ресейден тасылады. Демек солтүстік көршіміздегі инфляцияны да импорттап алу қаупі бар.
Қазақстан азық-түлікке қатысты ішкі сұраныстың 75%-ын ғана қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, жабылған көкөністің 88%-ы, қанттың 71%-ы, шұжықтың 67%-ы, ірімшіктің 44%-ы Ресейден келеді. Бұл деректер Ұлттық банктің таяуда жариялаған ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында көрсетілген.
Мұның алдында еліміздің қандай аймақтары ресейлік импортқа тәуелді екені туралы жазғанбыз.