Жылу беру маусымына дұрыс дайындық жүргізбеген Саран қаласының әкімі қызметінен босатылды
Саран әкімі Еркін Баулықов жылу беру маусымының басталуында жіберген олқылықтары үшін қызметінен босатылды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі хабарлады.
«Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды», – делінген хабарламада.
Әкімдіктің мәліметінше, Саран қаласы әкімінің міндетін осыған дейін оның орынбасары болған Мақсат Қайрешов уақытша атқарады.
Баулықов Саран қаласының әкімі қызметінде бір жылдан астам ғана уақыт отырды.
Еске сала кетейік, қазан айының ортасында құрылысы 10 жылға созылып, биыл салынып біткен жаңа орталық қазандықтағы ақауларға байланысты Сарандағы 168 үй жылусыз қалған еді.
15 қазан күні Сарандағы жылу мәселесін бақылауға алмағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа премьер-министр Олжас Бектенов ескерту жасаған болатын. Үкімет сағатында премьер-министр Саранның жылу беретін нысандарының дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардардың барлығы жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген.