Жаңалықтар

2025 жылы Қазақстан экономикасы 5,6%-ға өседі – ҰЭМ болжамы

Қазақстан экономикасы
Министрлік 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды / Фото: kursiv.media

Ұлттық экономика министрлігінің болжамына сәйкес, бюджет кірісі 2025 жылы 15,6 трлн теңгені құрайды. Ал 2027 жылға қарай бұл көлем 18,2 трлн теңгеге дейін артуы мүмкін. Бұл жайлы Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

ҰЭМ 2025 – 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды. Болжамның базалық сценарийінде мұнайдың бағасы барреліне 75 АҚШ доллары көлемінде, ал доллардың есептік бағамы 470 теңге көлемінде есептелген.

Солайша 2025 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,6%-ды, 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі – 5,4% құрайды деп болжанып отыр.

«Номиналды жалпы ішкі өнім 2025 жылғы 150,8 трлн теңгеден 2029 жылы 234,2 трлн теңгеге дейін өседі»,- деді Байбазаров.

Үкімет ұсынып отырған сценарийге сәйкес, инфляция деңгейі 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде, 2026 жылы 5-6% деңгейінде болжанған. Ал 2027-2029 жылдары 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Сонымен бірге осы макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2025-2027 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылған. Оған сәйкес кірістер 2025 жылы 15,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 10,4 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Өсім осы жылмен салыстырғанда 2,9 трлн теңгеге артық. Ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 18,2 трлн теңгеге дейін немесе 16,4%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Байбазаров бұл кірістің қайдан келетінін түсіндірді.

«Бюджет кірістерінің негізгі өсімі экономиканың даму қарқынын ұлғайту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету есебінен қамтамасыз етілетін болады»,- деді министр.

Айта кетейік, Байбазров  бұл жиында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын» да таныстырған болатын. Оған сәйкес, Ұлттық қордан 3 жыл қатарынан 2 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт алынып отырады.