Әр оқушыға 27 млн теңге. Депутат «Назарбаев Зияткерлік мектептеріне» Ұлттық қордан орынсыз көп қаражат бөлінетінін айтты

Жарияланды (жаңартылды )
университет
2011 жылдан бері Ұлттық қордан «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына 689 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген / Фото: Smapse

Ұлттық қордан «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына (ДББҰ) жыл сайын қомақты көлемде қаражат бөлінеді. Сонда Назарбаев университеті мен мектебінде оқитын әр балаға шамамен 27 млн теңге көлемінде қаражат бөлінеді екен. Депутат Магеррам Магеррамов бұл көрсеткіштің бір адамға төленетін субвенция көлемінен асып түсетінін айтты.

«Ұлттық қордан бөлінетін кейбір шығындар орынсыз жоғары екенін көріп отырмыз. 2011-2024 жылдар аралығында үкімет «Назарбаев Интеллектуалды мектептері»  ұйымына Ұлттық қордан 689 млрд теңге көлемінде қаржы бөлген. Сонда Назарбаев университеті мен НИШ-тің әрбір оқушысына жұмсалатын қаражат жан басына шаққанда орташа есеппен 27 млн теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш бір адамға төленетін субвенция көлемінен асып түседі», – деді Магеррамов.

Депутат бұл сома бір адам үшін ең жоғары субвенция төленетін Солтүстік Қазақстан өңірінің шығындарынан да көп екенін айтты. Бұл өңірде жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі 3 млн теңге маңайында.

«Бір автономиялық білім беру ұйымын қаржыландыру тұтастай бір облыстың қаржыландыруынан асып түсуінің себебін түсінбейміз», – дейді депутат.

Ұлттық қордағы активтер соңғы 10 жылда 20%-ға азайған

Магеррамов 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қордан трансферттер көлемін азайтуды тапсырғанымен, бұл талаптың орындалмай жатқанын айтты. Депутат бұлай жалғаса берсе, Ұлттық қордағы активтер азайып, ел экономикасына зияны тиюі мүмкін екенін ескертті.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының көлемі тұрақты түрде азайып келеді. Қор активтері максималды мәнге 2014 жылдың тамызында жеткен болатын. Бүгінде Ұлттық қор көлемі он жыл бұрынғы көлемнен 20%-ға дейін азайған», – деді ол.

Сонымен бірге депутат министрліктің бюджетті есептеу тәсілін де сынға алды. Бюджет жоспарында доллар бағамы 470 теңгемен есептелген. Ал 2024 жылдың 30 қазандағы көрсеткішіне сәйкес Ұлттық банктің ресми сайтында доллар бағамы 491,7 теңгені құрайды. Осы орайда депутат алдағы бірнеше жылда бюджеттік жоспардың лайықты деңгейде орындалуына күмәнмен қарайды.

Мәселен, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетте 2024 жылы кіріс көлемі трансферттерді есептемегенде 16 трлн 124 млрд теңге болады деп болжанған. Алайда 2024 жылдың болжамды кірісі 12 трлн 728 млрд теңге. Жоспар 78%-ға ғана орындалған.

«Ал бюджет жоспарына сәйкес үкімет 2025 жылы кіріс көлемін 15 трлн 633 млрд теңге көлемінде болжап отыр. Бұл жоспарлы көлем 2024 жылдың болжалды кіріс көлемінен 18,6 пайызға артық. 2024 жылдың жоспары 78 пайзға ғана орындалған жағдайда, мұндай кіріске шығу күмән тудырады»,- деді депутат.

Магеррамов бюджет қазынасын толықтыру үшін мынадай шараларды жүзеге асыруды ұсынды:

  • Біріншісі – квазимемлекеттік сектордан дивидендтер алу. Ұлттық қорға «Бәйтерек», «Самрұрық-қазына» сынды компаниялар өздерінің таза табысының 12 пайызы көлемінде ғана дивиденд төлеген. Ал басқа компаниялар 70 пайыз көлемде дивиденд төлейді. Депутат квазимемлекеттік сектеордың девиденд көлемін арттыру қажет деп санайды.
  • Екіншісі – иммидждік шараларға кететін шығынды азайту. Мұндай шаралардан 3-5 жылға дейін баст тарту арқылы, бюджет қаржысын үнемдеуге болады.
  • Үшіншісі – барлық мемлекеттік органдарға тәуелсіз аудит жүргізу. Олардың шығындарына оптимизация жасау арқылы орынсыз жұмсалатын қаражатты есетеп, елл бюджетіін үнемдеу мүмкіндіктерін қарастыру керек.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев болса, «Назарбаев Зияткерлік мектептеріне» бөлінетін қаржы былтырдан бері  20 миллиардқа қысқарғанын айтады. Дегенмен бұл білім беру ұйымы брендік мектепке айналғанын да ескеріп, оның әрі қарай дамуына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

«Сондықтан бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Барлық мәселелер қарастырылып жатыр. Әрине бұл мектептердің тәжірибесінің және оның біздің мектептерге тарап жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Мектептердің өз деңгейінде қазір брендке айналғандығы, бүкіл жақын-алыс шет елдерден келіп осы мектептердің тәжірибесін  зерттеп, зерделеп жатқандығын да айтып өту керек. Әрине қаржы мәселесі бір бөлек, ол дұрыс та шығар. Бірақ мектептің өзінің дұрыс деңгейде дамығандығын және еліміз мақтанатын брендтік мектепке айналғандығын жоққа шығара алмаймыз»,- деді министр Мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ оқыңыз