Прокатқа шықпаса, пайда әкелмесе, қаражат бөлудің қажеті қанша – Ринат Зайытов киноға бөлінетін 3,7 млрд теңгенің қайда жұмсалатынын сұрады

Жарияланды
2025 жылдың бюджет жоспарына сәйкес ұлттық киноны дамытуға және қолдауға 3,7 млрд теңге жұмсалады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бюджет жоспарына сәйкес 2025 жылы ұлттық киноны дамытуға 3,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Мәжілісте депутат Ринат Зайытов Мәдениет және ақпарат министрінен жыл сайын бөлінетін қаражаттан халыққа нақты қандай пайда келіп жатқаны жөнінде сұрады.

«2025 жылы Ұлттық фильмдерді қолдау мен дамытуға 3,7 млрд теңге қарастырылған. Аударманың өзіне 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Осы орайда сұрағым бар. 2024 жылы бюджет қаражатына түсірілген қанша ұлттық фильм халыққа жетті? Одан қанша пайда түсті? Егер одан ешқандай пайда түспесе, прокатқа шықпаса, елге жетпеген болса, оған шығын шығарудың қажеті қанша?», – деп сұрады депутат.

Зайытов сонымен бірге елде балалар контентінің дамымағанын, әсіресе, заманауи видеохостингтерде қазақша анимация тапшы екенін айтып өтті. Осы орайда министрліктен қазақ тілді анимацияны дамыту мәселесі қалай жүріп жатқанын нақтылады.

«Мәселен, youtube-ты қазақша анимациялық контентпен толтыру арқылы көрермен тартып, балаларға арналған арналарды дамыту жоспары бар ма?», – деді.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2024 жылы қазақ киносы үшін нәтижелі болғанын, бірнеше кинотуындылардың үлкен экрандарға шығатынын айтты.

«2025 жылдың жақсы нәтижесін алдағы уақытта бірге көрерміз. Ал 2024 жылға қатысты айтар болсақ, осы жылдың соңына дейін 13 киножоба түсіріледі. Туындылар келесі жылы прокатқа шығарылады. Одан бөлек, 2 документалды, 3 анимациялық фильм прокатқа шығады деп жоспарланып отыр», – деді министр.

Сонымен бірге Балаева киножобаларды іріктеу ережесі түбегейлі өзгергенін, енді жобалар емес, сценарийлер байқауын өткізіліп, фильмдердің солардың негізінде түсірілетінін айтты.

«Ал анимация мәселесіне келетін болсақ, расымен балалар контенті тапшы. Біз бұл орайда екі бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біріншісі – «Қазақфильм» арқылы болса, екіншісі телевизия көмегімен өнімдер шығару. Сонымен бірге басқа да жекеменшік ұйымдармен бірлесіп, арнайы жобалар жасап ютубқа жүктеу мәселелері талқыланып жатыр», – деді министр.

Айта кетейік, Алматы қаласының прокуратурасы мемлекет қаражаты есебінен түсірілген «Выбор» фильміне 500 млн теңге, ал «Тырналар» фильміне 421 млн теңге жұмсалғанын, бірақ олардың прокатқа шықпағанын хабарлады. Ал жауапты тұлғалар тек тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен бірге 300 млн теңгеге түсіріліп, 7 мың теңге касса жинаған фильмдер де бар. Бұл туралы «Курсив» тарқатып жазған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз