Жаңалықтар

Ұлттық қордан 3 жыл қатарынан 2 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт бөлініп отырады

2025-2027 жылдарға арналған бюджетте Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 2 трлн теңге көлемінде айқындалған / Фото: Асқар Ахметуллин; коллаж: kursiv.media

Ұлттық қордан 2025-2027 жылдар аралығында 2 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт бөлінеді. Бұл жайлы Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Министр депутаттар қарауына «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын» ұсынды. Оған сәйкес, мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026-2027 жылдарға барреліне 41 және 39,4 АҚШ доллары көлемінде бекітілген.

«Осыны ескере отырып Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордық таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ долларын, 2026-2027 жылдары 69,9-78,7 АҚШ долларын құрайды»,- деді министр.

Сонымен бірге Байбазаров Заң жобасын қабылдау респубикалық бюджеттің теңгерімдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін, оның бюджет кодексі ережелері негізінде әзірленіп, кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджеттік қағидаларға сәйкес анықталғанын айтты.

Кепілдендірілген трансферттен бөлек, Ұлттық қордан  3,25 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт алынады. Солайша үкімет Ұлттық қордан 2025 жылы 5,25 трлн теңге көлемінде қаражат алуды жоспарлап отыр.

Аталмыш заңды депутаттар мақұлдады.