«Қазхром» карьеріндегі апаттан екі жұмысшы қаза болды
Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалына қарасты Дөң тау-кен байыту комбинатында апат болды. Соның салдарынан компанияның екі қызметкері қаза тапқан.
«Оқиға туралы мемлекеттік органдарға хабарланды. Тергеу басталды. «Қазхром» ТҰК» АҚ басшылығы қаза болған қызметкерлердің отбасы мен жақындарына көңіл айтады. Компания олардың отбасыларына қолдан келген көмегін көрсетеді», – делінген компанияның баспасөз қызметі хабарламасында.
«Қазхром» тіркелген уақыты – 1995 жылдың 20 қазаны. Компанияның қаржылық есебіне қарағанда, бас компаниясы – Нидерландыда тіркелген KCR International B.V. Негізгі компаниясы ретінде бас штабы Люксембургте орналасқан Eurasian Resources Group S.à r.l. ( «ERG») көрсетілген.
ERG қожайындарына келсек, акцияларының 40%-ы – Қазақстанның Қаржы министрлігіне, 20,7%-ы – Александр Машкевич және Ибрагимовтар отбасына, 18,6%-ы Патох Шодиевке тиесілі.
Хром, марганец кенін, ферроқорытпаларды өндірумен және сатумен айналысады. Өндірістік активтері елімізде жайласқан. Апат болған Дөң тау-кен байыту комбинаты мен «Ақжар-хром» компаниясы да аталған топтың активтерін жатады.