Қазақстан шетелдік жасанды интеллект мамандарына елде тұруға рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетпек

Жарияланды
Билік мамандардың елге келуін заңдастыру үшін бірқатар шараны қолға алып жатыр /фото: Shutterstock

Қазақстан IT және жасанды интеллект саласындағы шетелдік мамандарды тартуды жоспарлап отыр. Оларға қойылатын талаптар легі аз. Тек медициналық тексеруден өтіп, саусақ іздерін тапсырады. Баспанамен қамтамасыз етіліп, шарт жасасады.

Билік мамандардың елге келуін заңдастыру үшін бірқатар шараны қолға алып жатыр. Мақсат – ел ішінде тұрақты тұруға рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету. Осыған орай мемлекеттік қызмет көрсетудің пилоттық жобасы іске қосылады. Жоба мәтіні ашық нормативті-құқықтық актілер порталында орналастырылған. Бұл жөнінде 2024 жылдың 30 қазанынан 13 қарашаға дейін қоғамдық талқылау жүргізілмек.

Құжат «Ақпараттық-коммуникациялық қызметтер саласындағы мамандар үшін Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға байланысты мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу туралы» деп аталады.

Бұйрық мәтінін  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дайындаған. Бастама Президенттің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынып отыр. Құжатта бұл рәсімдерге қаржы көздері қажет етілмейтіні көрсетілген.

Шетелдіктерге, яғни азаматтығы жоқ ІТ мамандарына Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру үшін Астана және Алматы қалаларында халыққа қызмет көрсету орталықтарының интеграцияланған ақпараттық жүйесі қолданылмақ.

Бірлескен бұйрықты орындау аэроғарыш өнеркәсібінің цифрлық даму, инновациялар вице-министрі мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасына жүктеліп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз