Қазақстан Италияның даму институтынан 200 млн еуро қарыз алады
«Қазақстанның даму банкі» АҚ мен Cassa Depositi e Prestiti (CDP) итальяндық ұлттық даму институты 200 млн еуроға кредит келісіміне қол қойды. «Қазақстанның даму банкінің» пайдасына қарай итальяндық SACE экпорттық-кредиттік агенттігінің кепілдігімен қаржыландырылмақ.
CDP Қазақстанда алғашқы рет мәміле жасап отыр. Көрсетілген қаражат экономиканың негізгі салаларын дамытуға бағытталады. Жаңартылатын энергетика, энерготиімділік, көлік, денсаулық сақтау және сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымдары секілді басымдық берілген бағыттарға ерекше назар аударылады.
«Cassa Depositi e Prestiti-мен жасалған келісім Қазақстанға Еуропа елдерінен инвестиция тартудағы маңызды кезең болып отыр. Бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық өзара іс-қимыл үшін қосымша жағдай жасайды», – деді «Қазақстанның даму банкі» басқарма төрағасының орынбасары Владимир Ли.
Оның сөзіне қарағанда, бұл екі елдің жекеменшік компанияларының арасындағы байланысты нығайта түседі. Маңызды стратегиялық салаларда тауар айналымын арттыруға ықпал етпек.
«Қазақстанның даму банкінің» мәліметінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтар айында Италияға ресми сапармен барған-ды. Сол кездегі экономикалық бастамалар заңды жалғасын тауып жатыр.
Қазақстандық сарапшылар елімізге қауіп төндіріп тұрған үш дағдарыстың бірі қарыз екенін атаған-ды. Соның бірі – Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков. Оның сөзіне қарағанда, жеке компаниялардың қарызын өтеу мерзімі жақындап қалған. Ұлттық банк мәліметінше, еліміздің сыртқы қарызы 166,7 млрд доллардан асып жығылады. Оның 137 млрд доллары – жеке секторға, 29,6 млрд доллары мемлекетке тиесілі.