Алматыда күзетшіні көлікпен бірнеше рет басып өлтірген экс-депутаттың ұлы жазадан құтылып кете ме?

Жарияланды
Кейін анықталғандай, күзетші ата-анасының өтінішімен күдіктіні ішке кіргізбеген / фото: kursiv.media мұрағаты

Алматы полиция департаменті «Меркур Таун» ТК күзетшісін қатігездікпен өлтірген бұрынғы депутат Саламғазы Тастандиевтің баласы Асқар Тастандиевтің ісін тергеу неге үзілгенін хабарлады.

Құзырлы органның ақпаратынша, сотқа дейінгі тергеу медициналық сараптама үшін тоқтатылыпты.

«Алматы қалалық ПД тергеу Басқармасы кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті дереу қамауға алынды. Бұған дейін сотқа дейінгі тергеу сот-психиатриялық сараптамаға байланысты үзілген болатын», – дейді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Департаменттің хабарлауынша, қазіргі уақытта өндіріс қалпына келтіріліп, тиісті сараптамалар тағайындалған. Тергеу аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс материалдары сотқа жіберілетін болады.

Еске сала кетсек, қанды оқиға 29 наурызда Алматының элиталық тұрғын үйлерінің бірінде болды. Күдікті күзетшіні көлігімен әдейі бірнеше рет қағып, басып өтеді. Ол аз болғандай, көлігінен түсіп, шала жансар күзетшіні басынан ұрып, теуіп, үстіне секірген. Марқұм, 3 баланың әкесі ауруханада жан тапсырған болатын.

Кейін анықталғандай, күзетші ата-анасының өтінішімен күдіктіні ішкі кіргізбеген. 45 жастағы күдікті отбасынан ажырап, қартайған әке-шешесімен бірге тұрған.

Ол 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  

Сондай-ақ оқыңыз