2026 жылы елдегі салық жүйесіне елеулі өзгерістер әкелетін жаңа салық кодексі түбегейлі қолданысқа енеді. Жаңа құжаттың қай тұстары көпшілікті алаңдатып отыр? Салық реформасының жылжымайтын мүлік бағасына қандай әсері болатынын талдаймыз.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында жаңа салық кодексін 2026 жылдың басынан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отырғанын, бірақ 2025 жылдың шілдесіне дейін қабылдау ұсынылатынын тілге тиек еткен еді. Соған қарағанда келер жыл Қазақстандағы салық заңнамасы үшін өзгеріске толы болайын деп тұр. Салық кодексінің жаңа жобасы 822 баптан тұрады. Жаңасын қабылданған соң қазіргісі күшін жояды.
Қыста пәтер қымбаттай ма?
Көпшіліктің талқысына түскен өзгерістің бірі — көппәтерлі тұрғын-үй кешендеріндегі пәтерлерді сатқан кезде қосымша құн салығын төлеуге қатысты. Қазір ҚҚС төленбейді. Бірақ жаңа салық жобасында қолданыстағы жеңілдікті алып тастап, оның орнына 12% ҚҚС қосу жайлы тұс бар. Сарапшылардың дабыл қағып жатқан себебі — осыдан кейін пәтер бағасы аспандап кетуі мүмкін екеніне байланысты. Жаңа кодекс бойынша жер телімдерін сатқан кезде ғана қосымша құн салығын төлемеуге болады. Ал үй сататын болсаңыз, төлейсіз. Бұл болса, алдағы жылдан бастап елде тұрғын-үй бағасы кем дегенде 12%-ға қымбаттайтынын білдірмей ме?
Тамыздың соңында Қазақстанның құрылысшылар одағы дөңгелек үстел ұйымдастырып, сарапшылар, мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлердің басын қосқан еді. Сол жерде де бұл мәселе талқыланды. Мысалы, Bk Audit ЖШС Айжан Балакешеваның айтуынша, ҚҚС-ға қатысты мәселе өте күрделі. «Біреу пәтер бағасын 12%-ға өсірсе, енді бірі 15, тіпті 20%-ға көтеруі мүмкін. Осылай хаос басталады. Сөйтіп не Қаржы министрлігі, не Ұлттық экономика министрлігі жағдайды реттей алмай, құрылыс бағасын ұстап тұра алмай қалады. Түптің түбінде тұтынушылар зардабын көреді», – дейді ол.
Сонымен бірге «7-20-25», «10-20-25» сияқты ипотекалық бағдарламалар да тиімсіз болып қалуы мүмкін. Өйткені олардағы шек — 25 млн теңге болса, бұл сомаға 2 бөлмелі пәтер келмей қалады деген қауіп бар. Осы мәселеге қатысты сұраған кезде Ұлттық экономика министрі былай деп жауап берген: «Құрылыс секторының айналасында компанияларға салық жүктемесі өте төмен болатын схема көп. Сондықтан бұл қадамымыз дұрыс деп ойлаймын. Әрі біз жеңілдіктерді қысқартуға бағыт алдық. Құрылыс бизнесі тарапынан алып қарасақ, еш мәселе болмауға тиіс. «Отбасы банктің» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары бар. Олардың компаниялармен баға саясатына қатысты өз келісімдері бар. Сол себепті айтарлықтай қауіп көріп тұрған жоқпыз. Баға өседі деп ойламаймыз. Әрі бәрі бәсекеге байланысты. Ұсыныс пен сұранысқа қарай қалыптасады. Халыққа көмек керек тұстарды бақылауда ұстап отырамыз», – деген еді министр.
Әлеуметтік салаға кері әсер етуі мүмкін бе?
Әлеуметтік саладағы қызметтерге 10% КТС енгізіледі. Бұл да қалың көпшілікке онша ұнамады. Өйткені жеке мекемелер қызметтерінің бағасын өсіруі мүмкін. Оған қоса инвестициялық тұрғыда тартымдылығы да төмендеуі ғажап емес. Атап айтқанда, жеке инвесторлар салық қымбат деген қауіппен бұл салаға инвестиция салудан бас тартуы мүмкін. Ал жеке бастамалардың қолдауынсыз әлеуметтік саланың алға жылжуы қиын. Бір мәселеден екіншісі жалғасып кететінін ескерсек, қолдау жоқ болған жерде тұрғындардың өмір сапасына кері әсер әтеді.
Тағы да ҚҚС туралы
Қазақстанда жылдар бойы қалыптасып, бекіген ҚҚС жүйесі төңкеріске ұшыратын секілді. Олай дейтініміз, бұл жүйеде жоспарланып отырған өзгеріс көп. Қазіргі таңда ҚҚС төлейтін тұлға тауарлар, қызметтер мен жұмыстарды іске асырған кезде оларды айналымына қосып, шот-фактура шығарып береді. Ал енді Салық кодексінің жаңа жобасындағы 441-бапта жаңа норма енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, ҚҚС төлеуші резидент емес тұлғадан (Қазақстан аумағында іске асырылып жатқан жағдайда) қызмет не жұмыс алған уақытта шот-фактураны электрон формада шығарып беруге міндеттеледі. Бұрын бұл процедура қарапайым еді. ҚҚС төлейтін тұлға резидент еместердің қызметіне қатысты ҚҚС-ларды есебінде (105 және 104 КБК) бөлек көрсетіп, төлеп, қосаты. Ал жаңа құжатқа сәйкес қалай болары әлі белгісіз. Шот-фактура кімнің атына жазылады, салық төленетін айналымға соманы қалай дұрыс қосу керек, жалпы қосымша құн салығы қалай есептеледі — әлі түсініксіз. Осы ретте салық органдары резидент еместердің қызметтерінің ҚҚС есептеуі қалай жүретініне қатысты түсіндіруі қажет. Әйтпесе, кәсіпкерлер салық міндеттемелерін қалай орындау керегін түсінбей дал болады.
Логистикаға қатысты мәселелер
Экспедиторларға арналған ҚҚС да — көпшілік талқысындағы тақырыптың бірі. Себебі Қазақстанның логистикалық индустриясы мен сыртқы сауда байланыстарының дамуына кері әсер етуі мүмкін. Қазір қалай? Бүгінгі таңда халықаралық тасымалды ұйымдастыруымен айналысатын экспедиторлардың айналымына ҚҚС қосылмаған. Ал енді жаңа салық кодексінің жобасында осы жеңілдікті алып тастап, қызметтерге 12% қосу ұсынылған. Демек логистикалық қызметтер де қымбаттауы бек мүмкін. Экспедиторлар қосымша салықты төлеу үшін амалсыз қызмет құнын көтереді. Әрі осының кесірінен экспортшылар мен импортшыларға логистикалық қызметтер алу ауырлайды. Сөйтіп халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілет те құлдырауы мүмкін.