Үкімет 2025 жылы әлеуметтік салаға 10 трлн теңгеге жуық қаржы жұмсамақшы. Тағы қай салаларға қосымша ақша бөлінеді?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media

2025 жылы бюджет түсімдері 21,7 трлн теңге болады, ал бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2,7%-ын құрайды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев айтты. Министр Мәжіліс депутаттарының алдында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды.

Такиев мәлімдегендей, заң жобасы еліміздің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген.

«2025 жылға түсімдер биылғы жылмен салыстырғанда  1,2 трлн теңгеге ұлғая отырып 21,7 трлн теңге деңгейінде болжануда. 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7 % (екіде жеті пайыз) деңгейінде болжануда, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейді»,— деді Мәди Такиев.

 Ал 2025 жылы бюджет шығысы 25,8 трлн теңгені құрайды, бұл биылғымен  салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге  көп.

Министр заң жобасын талқылау барысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізілгенін атап өтті. Оның ішінде, ауызсу, жылу, электр энериясы, көлік, медицина инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және «Ауыл – ел бесігі» жобасына қосымша қаржы қарастырылатын болады.

Үкімет 2025 жылы әлеуметтік салаға 10 трлн теңгеге жуық ақша жұмсамақ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу үшін де  қосымша қаржы қарастырылған. Ал әлеуметтік салаға Үкімет 10 триллион теңгеге жуық ақша жұмсамақшы.

«2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары 2024 жылға қарағанда 862 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге көлемінде жоспарлануда. Оның бюджет шығыстарындағы үлесі 38 %-ды құрайтын болады. Бірінші басымдық – әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету. 2025 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар – индекстеу мен төлемдерді алушылар санының ұлғаюын ескере отырып, 6 трлн теңге сомасында қарастырылған», – деп мәлімдеді министр Мәжіліс отырысында.

Білім мен денсаулық сақтау саласына қанша ақша бөлінеді?

Қаржы министрі келер жылы білім беру саласына бөлінетін қаржы биылғы деңгейден 73 млрд теңгеге ұлғайып, 1 триллионға жететінін мәлім етті. Ал денсаулық сақтау саласының 2025-2027 жылдарға арналған шығыстары 7,6 трлн теңге болады. Бұл биылғымен салыстырғанда 180 млрд-қа артық. Жалпы келесі жылға  2,4 трлн теңге қарастырылған.

 «Халық санының өсуі мен науқастар санының ұлғаюын ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту. Жалпы 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге сомасында шығыстар жоспарлануда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік жарналарға 668 млрд теңге көзделген (11,7 млн. адам)», – деді ведомство басшысы.

Туризм, спорт, ақпарат және мәдениетке бюджеттен қанша қаржы қажет?

Туризм мен спорттың республикалық бюджет шығысы 141 млрд теңге, ал  мәдениет пен ақпаратты дамытуға 165 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланған.

«Екінші бағыт – өңірлерді қолдау. 2025 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 7,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл сома ағымдағы жылмен салыстырғанда 405 млрд теңгеге артық. Ол – бюджеттің жалпы шығыстарының шамамен 30%-ын құрайды», – деді ол.

Мәди Такиев экономиканың нақты секторын дамыту үшін қанша қаржы қажет екенін де атап өтті. Мәселен, бұл бағыт бойынша 2025 жылы 2,1 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беріледі. Оған  бөлінетін қаржы көлемі 30%-ға ұлғайып, 635 млрд теңгеге жететін болады.

«Көлік саласын дамытуға 2025 жылы 568 млрд теңге бөлу жоспарлануда, онда автожол саласын дамытуға 423 млрд теңге көзделген. Су ресурстарын тиімді басқаруға ағымдағы жылмен салыстырғанда 51 млрд теңгеге немесе 59%-ға ұлғаюмен 137 млрд теңге көзделген (2026 ж. – 68 млрд. теңге, 2027 ж.-54 млрд. теңге). 2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 109 млрд. теңгеге ұлғайып, 2,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр»,  – деді министр.

Мәжіліс депутаттары «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдап, Сенат қарауына жіберді.

Айта кетейік, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджет кірісі 2025 жылы 15,6 трлн теңгені құрайтынын мәлім етті. Ал 2027 жылға қарай бұл көлем 18,2 трлн теңгеге дейін артуы мүмкін. Солайша 2025 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,6%-ды, 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі – 5,4% құрайды деп болжанып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз