Қазақстанның қорғаныс жүйесіне «өзін-өзі қорғау құралымы» және «ерікті адам» деген жаңа ұғымдар енгізіледі. Бұл жайында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы Сұлтан Камалетдинов айтты.
Мәжіліс депутаттары «ҚР аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасының мақсаты – соғыс жағдайы мен соғыс уақытында елдің қорғаныс қабілетін арттыру, халықтың, аумақтық қорғаныс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Өзін-өзі қорғау құралымдары соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында жергілікті әскери басқару органдарын құрады. Еріктілер жауынгерлік, қорғаныс және қосалқы тапсырмаларды орындайды. Ал жергілікті атқарушы органдарға көмекші тапсырмалар жүктеледі», – деді Сұлтан Камалетдинов.
Еріктілерге өзін-өзі қорғау құралымдарына ерікті түрде қабылданған Қазақстан азаматтары жатады. Олардың қатарына өзін-өзі қорғау құралымдарын құру кезінде Қарулы күштер қатарына шақырылмаған, жұмылдырылуға жататын және жатпайтын адамдар кіреді. Олар елді мекендерді, аумақтық қорғаныс объектілерін күзету және қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға, қорғаныс құрылыстарын салуға, эвакуациялау шараларын жүргізуге және басқаларға тартылады. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін Қарулы күштердің құрамына еріктілерден тұратын жеке өзін-өзі қорғау құралымдары енгізілуі мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстанның Қорғаныс министрлігі ҰҚШҰ келісіміне өзгеріс енгізбекші. Оған сәйкес, ҰҚШҰ контингенті ұйымға мүше мемлекеттерге кенеттен тексеру үшін кіре алады. Министрлігінің хабарлауынша, бұл өзгеріс ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мүше мемлекеттердің аумағында уақытша болуына қатысты құқықтық базаны жетілдіру мақсатында әзірленген.
Осыған дейін ҰҚШҰ әскері Қазақстанға «кенеттен тексеру» үшін кіре алатыны туралы да «Курсив» жазған болатын.