Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Каспий теңізі жағалауында итбалықтардың жаппай қырылуының болжамды нұсқасын айтты. Ол экоапаттың салдары зерттеліп жатқанымен, жағдайды бағамдау қиын болып тұрғанын айтады. Десе де итбалықтардың қырылуына адамдар кінәлі болуы мүмкін деген болжамын жеткізді.
Оның айтуынша, қазір қазақстандық ғалымдар тобы теңіз жануарларының жаппай қырылу себептерін анықтауға бағытталған зерттеулер жүргізіп жатыр.
«Итбалықтардың өлгені туралы ақпарат расталды. Облыстық комиссия құрылды. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау қызметкерлері судан сынама алды. Комиссия жұмысына ветеринариялық инспекция мен балық ресурстары комитетінің өкілдері де қатысады. Бұл мәселе жан-жақты зерттелуде, таңдап алынған үлгілерді талдағаннан кейін, су ресурстарының жағдайы туралы қорытынды жасалады. Қазір зертханалық зерттеулердің қорытындысын күтіп отырмыз», – деді Жомарт Әлиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
БАҚ өкілі вице-министрден алдын-ала болжамдарды атауды сұрады. Шенеунік итбалықтар адами фактордан өлген деген нұсқа барын айтады.
«Итбалықтардың қырылуына балық ұстауға арналған ау себеп болды деген нұсқа бар. Яғни адамның әсерінен болуы мүмкін, алайда өлекселердің көп бөлігі қатты ыдырап кеткен. Сондықтан комиссия жұмысына зерттеулер жүргізіп, түпкілікті шешімін айту үшін барлық тиісті мамандар қатысады», – деді Әлиев.
Айта кетейік, 24-28 қазан аралығында Каспий теңізінің жағалауынан 289 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл туралы ғалым Әсел Баймұқанова әлеуметтік желіде жазды. Ғалымның жазуынша, итбалықтардың бір бөлігінде арқанға оралған, бір бөлігінде балықшылардың торынан алған жарақаттар бар. Жүкті болған аналықтар саны да біршама. Алайда ешқандай жарақатсыз қайтыс болған итбалықтар да бар.
Осыған дейін Маңғыстау облысының Түрқараған ауданында 151 итбалықтың өлексесі табылғаны туралы жазған едік.