Банк пен қаржы

Бас прокуратура заңсыз активтер мемлекетке кімнен қайтарылып жатқанын неге ашық айтпайды?

заңсыз активтер

Қазіргі кезде 277 млрд теңгенің заңсыз активі мемлекетке қайтарылған. Соның ішінде арнайы қордың есепшотына 177 млрд теңге түсті. Алайда Бас прокуратура бұл дүние-мүліктің кімнен қайтарылып жатқанын ашып айтатын уақыт келмеді деп тұжырымдайды.

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің пікірінше, заңсыз активтерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Бірақ та Бас прокурордың орынбасары қазір заңсыз актив кімдерден қайтарылып жатқанын нақтыламады.

«Реестрге қанша, кімнің кіргені, оларға қатысты қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны – таратуға жатпайтын ақпарат. Оны мен қазір сіздерге жариялай алмаймын», – деді ол.

Қойгелдиев нақты қанша адам заңсыз жинаған дүние-мүлігін мемлекетке қайтарып жатқанын ашып айтпады.

«Уақыты келгенде, міндетті түрде қандай жұмыс атқарылғаны жайлы ақпарат аласыз», – деді ол.

Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, қайтарылған активтерді басқарушы компанияның теңгерімінде әлі құны 90,3 млрд теңге болатын 254 актив бар. Олардың арасында жылжымайтын мүлік, сауда орталықтары, акциялар, қымбат көлік пен әшекей бұйымдар бар.

Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер қазір кезегімен аукцион арқылы сатылып жатыр. Мәселен жақында Қайрат Сатыбалды қайтарған «Орион» сауда орталығы 6,3 млрд теңгеге сатылды.

Осы активтерді сатудан түскен қаржы ел аймақтарында мектеп пен спорт кешенін салуға жұмсалады.