Қазақстан экономикасы Ұлттық қордан алған «қаржы допингінің» арқасында ғана өсім көрсетеді – AERC сарапшылары
AERC талдау орталығы Қазақстанның 2024 жылғы жалпы ішкі өнім өсіміне қатысты болжамын 4%-дан 4,6%-ға дейін көтерді. Алайда сарапшылардың пайымдауынша, ел экономикасы Үкіметтің Ұлттық қордан алған «қаржы допингінің» арқасында ғана өспек.
AERC Қазақстан экономикасының негізгі көрсеткіштеріне қатысты талдауында бірқатар көрсеткіштерді қайта қараған. Бірінші, мұнай бағасына қатысты болжам төмендеген. Сарапшылар биыл Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 85,3 доллардан саудаланады деп пайымдайды. Шілде айындағы болжам 87,5 долларға тең еді.
Жыл соңына қарай Қазақстанның негізгі сауда серіктестері: Ресей, ЕО, Қытай экономикасы 2024 жылы 2,3%-ға өсуі ықтимал. Қазан айындағы 2,1% болжамнан сәл жоғары.
2024 жылы Қазақстан жалпы 86,5 млн тонна мұнай өндіруі мүмкін. Шілдедегі болжамда 86,8 млн тоннадан өндіруі мүмкін екені жазылған. Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өндірілетін мұнай көлемі 88 млн тоннаны құрайтынын мәлімдеді.
AERC сарапшылары 2024 жылға USD/KZT орташа бағамын да қайта қарап, 467,7 деңгейіне дейін төмендетті. Сонымен қатар AERC 2024 жылы орташа тұтынушылық инфляция 8,1% деңгейінде қалыптасады деп болжайды.
Биыл төлем балансының ағымдағы шот дефициті (-) 5,0%-ға дейін төмендеуі ықтимал. Бұл өзгеріс 2023 жылғы төлем балансы деректерін түзету, экспорт пен импорт өсімінің баяулауына байланысты. Мемлекеттік бюджет дефициті де шілдедегі болжамдағы 5,1%-дан (6,7 трлн теңге) 4,1%-ға дейін (5,3 трлн теңге) жақсарды.
Ел экономикасындағы түйткілді мәселелер
Алайда оптимистік болжамға қарамастан, сарапшылар нақты сектордағы теріс үрдістерді атап өткен. Негізгі мәселенің бірі – негізгі капиталға салынған инвестиция қарқынының азаюы. 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар былтырмен салыстырғанда небәрі 0,6% ғана өскен. Себебі құрылыс саласындағы инвестициялар азайған. Жалпы 2024 жылы ивестицияның өсу қарқыны 3,5% құрайды деп болжанғанымен, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5% деңгейіне жетуі ықтимал. Тау-кен өнеркәсібі де инвестицияға мұқтаж.
Сонымен қатар бюджетке салықтың жоспардан кем түсуі де – алаңдатарлық жағдай.
Сарапшылар Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық болжамын теріс күйде қалып отыр деп тұжырымдайды. Одан бөлек, елде қаржы саясатының контрциклділік қағидаты сақталмайтынын ерекше атап өтті. Бұл экономикалық тұрақтылыққа кедергі келтіріп отыр.