Жаңалықтар

Үкімет бақылауда ұстауға тырысқанмен, мемлекеттік борыш өсіп келеді

Қазақстанның мемлекеттік қарызы
Фото: kursiv.media

Қазақстандағы мемлекеттік борыш көбіне бюджет тапшылығын жабу, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мақсатында алынады. Елімізде мемлекеттік борыштың басым бөлігі ішкі борышқа тиесілі. Мәселен, соңғы мәліметтерге назар аударсақ үкіметтің 75% борышы ішкі нарықтан тартылған қарыз жиынтығы болып отыр. Ішкі борыш – отандық қаржы институттарынан, банктерден немесе мемлекеттік облигацияларды шығару арқылы алынатын қарыз. Ішкі борыш халықтың салымдарын инвестиция ретінде тартуға бағытталған.

Сондай-ақ халықаралық ұйымдардан, шетелдік банктерден және басқа елдердің үкіметтерінен алынатын қарыздың көлемі жалпы мемлекеттің борышының 1/4 бөлігін құрап отыр. Қазақстанның сыртқы борышының бір бөлігін Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) сияқты ұйымдар ұсынып келеді. Сыртқы борышты тарту көзі ретінде ең үлкен МБҚ-ың  ішіндегі танымалы Еурооблигациялар.

Үкімет биыл 9 айда 5 трлн теңгеге жуық қарыз тартқан

Үкіметтік қарыз алу 2024 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығының нақтыланған мөлшері шеңберінде жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың 12 айында Үкімет  5,17 трлн теңге болатын Мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) шығаруды жоспарлаған. Ал 2024 жылдың 9 айында МБҚ-ны шығару арқылы ішкі қарыздардың түсімі 4,99 трлн теңге болса, сыртқы қарыз тарту көлемі 90,7 млрд теңгені құрады. Осылайша Үкіметтің 9 айдағы жалпы қарыз тарту көлемі 5,0 трлн теңгеге жеткен.

Мемлекеттік борыш жағдайы қандай?

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік борыш 30 504,8 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 22,6%-ды құрады (ЖІӨ кезінде, 134 952,9 млрд теңге). Оның ішінде мемлекеттік борыштың жалпы көлемінде үлесі 94,4%-ды құрайтын үкіметтік борыш 28,8 трлн теңгені құрады.

Мемлекеттік борыш келесідей топталады:

Үкіметтік борыштың құрамы мынадай түрде қалыптасты: ішкі борышы – 21,6 трлн теңге (75%),

ал, сыртқы борышы – 7,2 трлн теңге (25%).

ҚР Ұлттық банкінің ішкі борышы, яғни дисконтталған құны бойынша (қысқа мерзімді ноталар) 500 млрд теңге немесе жалпы мемлекеттік борыш көлемінің 1,6% -на жеткен.

Жергілікті атқарушы органдардың борыштық міндеттемелер портфелі шамамен 1,2 трлн теңге немесе жалпы мемлекеттік борыш көлемінің 4,0%-ын құрады.

Қазақстанның мемлекеттік борыш деңгейі ұлттық қауіпсіздік және экономикалық тұрақтылық үшін маңызды фактор саналады. Халықаралық қаржы сарапшылары мемлекеттік борыштың қауіпсіз деңгейде болуы үшін оның ЖІӨ-ге қатысты үлесі 60%-дан аспауы керек екенін айтады. Соңғы жылдарда Қазақстанның мемлекеттік борышы біршама өскенмен, Үкімет оны бақылауда ұстауға тырысып келеді. Қазақстан Ұлттық банкі мен Қаржы министрлігі борыштың қауіпсіз деңгейде қалуын қадағалап, экономиканың өсімін сақтауға бағытталған саясат жүргізуде.

Мемлекеттік борыштың өсуіне әсер ететін негізгі факторлар – сыртқы нарықтағы жағдайлар, мұнай бағасының ауытқуы және ұлттық валютаның бағамы. Борыш деңгейін төмендету үшін Қазақстан үкіметі экономиканы әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ жаңа салықтық реформалар енгізуге ұмтылуда.